Халқымыздың «Жердің иесі – халық» нақылына сүйенер болсақ, жер Анамыздың құны әрбіріміз үшін қымбат болуға тиіс. Ықылым заманнан бері жердің дауын даулап ата-бабамыз көппен тірескен. Оған дәлел «Жеті жарғы» заңдар жинағында даудың түрлерін тізбектеп, оны шешуді елдің мұң-мұқтажына қанық, көреген шешен, билерге тапсыруы. Бүгінде ел арасында үлкен түйткілді мәселеге айналған жердің дауын шешу төңірегінде түрлі шаралар қарастырылуда. Соның бірі «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы.
Өңірімізде жыл басынан бері «Жер аманаты» комиссиясының отырысы жүйелі түрде өтіп келеді. Биыл Батыс Қазақстан облысы бойынша аймақтық «Жер аманаты» комиссиясының 6 отырысы өтіп, оның 4 отырысы көшпелі форматта болды. Олар Бөкейорда, Жәнібек, Бәйтерек, Қаратөбе аудандарында өткен болатын. Ең алғашқы комиссия отырысында аудандық жер қатынастар бөлімі мен аудандық жер комиссиясына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін пайдалану жайына бақылау жасалып, мүлдем пайдаланбайтын немесе мақсатына сай пайдаланылмайтын жер телімдерін мемлекетке қайтару бойынша шараларды жүзеге асыру ұсынылды. Қазіргі таңда осындай негізде комиссия отырысының қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға 7 ұсыныс жолданып, оның 3-еуі шешімін тапқан еді.
Сонымен қатар, қазіргі таңда өңірде жергілікті атқарушы органдар мәліметіне сәйкес пайдаланбай жатқан 250 мың гектар жер телімі анықталды. Негізінде жоспарға сәйкес «Жер аманаты» комиссиясы жыл соңына дейін облыс бойынша 50 мың гектар пайдаланылмай жатқан бос алқапты қайтаруды көздеген. Нәтижесінде Батыс Қазақстан обылысы бойынша 120 мың гектар жайлымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды (Ақжайық 7437, Бәйтерек 7090, Бөкейорда 21400, Бөрлі 7522, Жаңақала 5807, Жәнібек 5002, Казталов 6660, Қаратөбе 9100, Сырым 7119, Тасқала 23123, Теректі 5900, Шыңғырлау 13972 мың гектар).
Сайлауалды бағдарламаның жүзеге асырылуы бойынша жасақталған жол картасында «Жер аманаты» бойынша көрсетілген көрсеткіш жылына 50 мың гектар еді. Демек, биылғы жылдың өзінде осы көрсеткішті Батыс Қазақстан облысы 240 пайызға орындап отырғандығын байқауға болады.
«AMANAT» партиясы БҚОФ баспасөз қызметі