Орал қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Наурыз мерекесі қарсаңында тамақтан уланудың алдын алуға шақырады.
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне арналған мерекелік шаралар әр жыл сайын қала аумағында атап өтілуде. Наурыз мерекесін тойлау, салт дәстүр бойынша дастархан жайылып, көбінесе үй жағдайында алуан түрлі тағамдар әзірленеді. Алайда, тағамдарды асыра көп әзірлеу тағамнан улану және жедел ішек инфекциясы жағдайларына алып келуі мүмкін. Оған себеп – жеке бас гигиенасын ұстанбау, тағамдарды дайындау, тасымалдау мен сақтау технологиясын бұзу болып табылады. Қоғамдық ұйымдарда мерекелік дастарқан ұйымдастыру, аса ұқыптылықты талап етеді. Мейрам кезінде алаңдар мен көшелерде сауда дүкендері мен дүңгіршектерден тыс жерлерде жеке адамдардың қолдарынан яғни белгісіз сауда саттық орындардан тағам өнімдерін тұтынбағандарыңыз жөн.
Осыған орай Орал қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын сақтау мақсатында «Наурыз» мерекесін тойлау қарсаңында кәсіпкерлік субъектілеріне, қала тұрғындарына «Тамақ өнімдерінің көтерме және бөлшек сауда объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы бұйрығы негізінде тамақтан уланудың алдын алу шараларын орындау қажеттігін қаперіңізге салады.
— азық-түлік сатып аларда тағамдардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарының болуына назар аудару, сатушылардан талап ету;
— барлық ауыл шаруашылық жануарларының еті мен өнімдеріне ветеринариялық-санитариялық анықтамасының болуы;
— зиянкестерімен ластанған жарманы, ұнды және басқа өнімдерді; белгіленген жарамдылық мерзімі және дайындалған уақыты көрсетілмеген, пайдалану мерзімі асып кеткен өнімдерді пайдаланбау;
— шикі және дайын өнімдерді, оларды тасымалдаған кезде әртүрлі ыдыстарды пайдалану.
— тез бұзылатын тамақтарды уақытынан бұрын әзірлемеу. Тағамның герметикалық қаптамасы бүлінген болса, тоңазытқышта да көп уақыт сақтамаңыз.
— жеке бас гигиенасын ұстаныңыз, тағам даярлау алдында және шикі азық-түліктен кейін міндетті түрде қолды арнайы жуғыш заттармен мұқият жуыңыз.
Киіз үй тігіп, палаткалар орнатуды жоспарлаған тұлғаларға қосымша ескерту: өнімдерді тасымалдауда және сақтауда санитариялық талаптардың қатаң орындалуына, сақтау температурасы мен тауарлар көршілестігінің сақталуына мән беру, өзіне тән иісі бар тамақ өнімдерін бөтен иісті сіңіріп алатын қаптамалынбаған дайын өнімдермен бірге сақтауға, тамақ өнімдерін тауар қойғыштарда сақталады, оны еденде сақтауға жол берілмейді.
Тамақтану орындарының аумағының тазалығын сақтау, тамақтану орындарын жиі желдету және дезинфекциялау, бір рет қолданылатын ыдыс-аяқпен, қол жууға арналған құралдармен, сүлгілермен қамтамасыз ету. Қоғамдық тамақтану орындарында тағам түрлерін әзірлеушілердің арнайы дәрігерлік тексерістен өткендігін растайтын жеке медициналық кітапшасының болуына аса мән беру.
Тамақтан уланудың алдын алу негізгі санитариялық-гигиеналық талаптар мен ұсыныстарды орындау, өз денсаулығыңызбен жақындарыңыздың өмірін сақтауға көмектеседі. «Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» дегендей біздің мақсатымыз халық денсаулығы, аурудың алдын алу.
Орал қалалық санитариялық-гигиеналық
бақылау және қадағалау бөлімінің
бас маманы М.С.Бектемирова