Бүгін облыстық статистика департаментінде алғашқылардың бірі болып респонденттерді тіркеуді аяқтаған оралдық интервьюер Кәмшат Жұмағалиева марапатталды.
Кәмшат Төлегенқызы Желаев ауылдық округіндегі өзіне бекітілген аумақ бойынша 185 үйді аралап, 850-ге жуық респондентті сауалнамадан өткізіп, толықтай тіркеуді аяқтаған. Жалпыұлттық халық санағын жүргізу кезінде адал еңбек етіп, өзіне бекітілген аумақ бойынша жүйелі жұмыс жасап, берілген тапсырманы соңына дейін жауапкершілікпен атқарған Кәмшат Жұмағалиеваға алғыс хат пен ынталандыру сыйлығы табыс етілді.
Баршаға мәлім, 1 қыркүйектен бастап елімізде 10 жылда бір рет өткізілетін жалпыұлттық халық санағы басталды. Санақ 15 қазанға дейін онлайн режимде жүргізіліп, қазіргі таңда 30 қазанға дейін қайта уақыты ұзартылды. Ал дәстүрлі жалпы аралау 1-30 қазан аралығында өтуде. Интервьюерлер үйлерді аралап, электронды планшет арқылы тұрғындарды онлайн санақтан өткізуге көмек көрсетуде.
21 қазандағы статистикалық есепке сүйенсек, Орал қаласы бойынша 151 368 тұрғын науқанға қатысып, санақтан өткен. Шаһарда жалпы халық саны 320 973 адам болса, онлайн санақтан әзірге тұрғындардың 47 пайызы өтіп отыр.
Еске салайық, sanaq.gov.kz сайты 30 қазанға дейін тәулік бойы қолжетімді. Осы мерзімге дейін онлайн санақтан өтуге болады. Сондай-ақ санақ бойынша сауал туған жағдайда 1446 байланыс орталығына немесе 8 (7112) 50-34-54, 8 (7112) 50-45-54 нөмірлеріне хабарласып,ақпарат алуға болады.
Өз тілшіміз