Алаяқтық дегеніміз – бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену немесе өз мүлкіндей пайдалану құқына заңсыз иемдену болып табылады. Ол үшін қылмыскер алдау-арбау амалдарын қолданады немесе басқаның сеніміне кіріп алып, қастық жасайды.
Бұл арада мынаны еске алу керек, алдау және сенімге кіру жолымен басқа қылмыстар да жасалуы мүмкін, бірақ олар басқа қылмыстық-құқықтық нормалар бойынша қарастырылады. Алаяқтық әрекеттерінің әрбір жағдайында істің мәнісін жанжақты қарастырып, оған ұқсас қылмыстардан ажырата білу қажет. Қылмыстық жауапқа тарту және айыпты деп тану үшін сол әрекеттерде қылмыс құрамының болған-болмағанын анықтап алу қажет. Мұның өзі қылмыстық заңда қылмыстық жауапкершілікке тартуға бірден-бір негіз болып табылады. Қылмыстың әрбір құрамы нақты қылмыстың объективтік және субъективтік белгілерінің сипаттамасынан құралады. Олай болса, бұл мәселелерді алаяқтық құрамына қатысты қарастыратын болсақ, мұндай қылмыстардың сырын түбегейлі білуге болады. Өзгенің сеніміне кіріп, сеніміне қарама-қайшы әрекет ету бұл-қылмыс. Ал тұрғындар мен азаматтар назарына тәулік сайын алаяқтардың құрбаны болмаңыздар, интернет алаяқтарына сенбеңіздер, бөгде жандарға жеке бас куәлігі мен банк карточкаларының нөмірлерін, пин-кодтарын айтпаңыздар деген мазмұнда ақпараттар жеткізілгенімен, алаяқ құрбаны болып жүрген тұлғалар қатары аз емес. Алаяқ құрбандарының саны көбеймесе, азаятын түрі жоқ.
Осы ретте Орал қаласы аумағында ұйымдастырылған 4-13 қазан аралығындағы «Автобус» жедел алдын алу іс- шарасы аясында полиция қызметкерлері қоғамдық көліктерге жадынамалар жапсырып, жолаушыларға үлестірді.
Бірнеше көп сыйымдылықты автобустардың кіре берісіне, жолаушылар көзіне ілінетін тұстарына алаяқтардан сақтандыру мақсатындағы ақпараттарды ілді.
Жыл басынан бері Орал қаласы аумағында 835 алаяқтық фактісі тіркелді. Соның 433-і интернет алақтарына қатысты фактілер болып отыр.
Орал қалалық ПБ басқармасының баспасөз қызметі