Өскелең ұрпаққа ұлағатты өсиетін айтып, ізінен ерген жас буынға ізетін аямайтын қарттар қашанда құрметке лайық. Халқымызды өзгелерден дара ететін бір ерекшелік те осы. Қарияларды құрметтеу, олардың сөзіне құлақ асу – бабадан балаға сіңген қасиет. Атаулы мерекеге ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкілдігі әрқашанда қолдау білдіріп келеді.
Орал орталық мешітінің наиб имамы Наурыз Убаев Орал қаласындағы «Отбасы» орталығындағы «Қария-ақылы кең дария» атты кештің арнайы қонағы болып, «Үлкенді сыйлау» жайында ғибратты уағыз айтып, қарияларымыздың бір кезде елі, халқы, келешек ұрпағы үшін жасаған игі істері ерекше орын алатындығын жеткізді.
Шара соңында ҚМДБ-ның БҚО бойынша бас имамы Бақытжан Құралбайұлының ыстық сәлемін, естелік сыйлықтарды табыстады.
Қарт кісіні – құт-береке деп таныса, ол ұрпақ көрегендігі. Осы орайда, біздің асыл қазынамыз – қариялар, еңбектің зейнетін көріп отырған шақта әр ұрпаққа игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытқаны үшін алғыстарын білдірді. Ата-әжелер емен-жарқын әңгіме құрып, көңілдері бір марқайып қалды.
ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз қызметі