Тәуелсіздік жылдарындағы санитариялық- эпидемиологиялық қызмет


Тәуелсіздік – халқымыздың баға жетпес асыл қазынасы, ұрпақтан- ұрпаққа мұра болып қалар теңдессіз байлығы. Тәуелсізік алысымен егеменелдің Ата Заңы қабылданды, соған сай жаңа заңдар шығарыла бастады, түрлі құрылымдар қайтадан құрылды. 

Қазақстанның санитарлық-эпидемиологиялық қызметі ұзақ даму жолынан өтті. Егемен Қазақстан 1991 жылы халықаралық практикаға, оның ішінде денсаулық сақтау саласына сәйкес келетін өз заңдары мен нормативтерін дәйектілікпен әзірлеп, қабылдай бастады. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының барлық кеңістігінде Қазақстан алғашқылардың бірі болып «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы» Заң (1994ж.) және ҚР Министрлер Кабинетінің «Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызмет туралы» Қаулысын қабылдады. Бұл құжаттар санитарлық-эпидемиологиялық қызметті дамыту мен жетілдірудің негізгі бағыттарын нақты анықтайтын құқықтық актілер болды.

Республикада қабылданған қаулыға сәйкес,санитарлық-эпидемиологиялық қызметті қайта ұйымдастыру жүргізілді. Бұрынғы ведомстволық санитариялық қызметтер мемлекеттік мәртебеге ие болды, бұл санитариялық қадағалауды орындау кезінде санитариялық дәрігерлердің құқықтарын арттырды. Санитарлық-эпидемиологиялық станциялар шешімдер мен талаптарды шығару кезінде дербестік пен тәуелсіздік алды.

Денсаулық сақтауды дамытудың ағымдағы және перспективалық жоспарларын жедел жасау, экономиканың жаңа нарықтық жүйесіндегі медицина міндеттерін айқындау, мемлекеттің және бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту үшін 2002 жылғы 4 желтоқсанда №361-II «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы» ҚР Заңы қабылданды.

Барлық қызметтердің жұмысында басымдықтарнақтыланып, мекемелердің жаңа атаулары бекітілді.

Нәтижесінде санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің дамуы мен негізгі бағыты анықталды:

— тіршілік ету ортасының қолайсыз факторларының халық денсаулығына әсерін зерттеу және алдын алу;

— халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етудің кешенді республикалық және облыстық мақсатты бағдарламаларын әзірлеу;

— медицина қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін жетілдіру;

— санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қоғамдық ұйымдармен санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық мәселелері бойынша байланысын нығайту;

— салауатты өмір салтын насихаттау бойынша ұйымдастырушылық және практикалық іс-шараларды белсенді өткізу.

Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет вирустық гепатитпен, менингококк инфекцияларымен, қызылшамен сырқаттанушылықты азайту жөніндегі шұғыл міндеттерді шешу, эпизоотологиялық-эпидемиологиялық қадағалауды жетілдіру, сальмонеллез кезінде профилактика шараларын жетілдіру, жекелеген жылдары жанданатын геморрагиялық қызбалар проблемасын шешу, тұмаумен, бруцеллезбен, туберкулезбен, іш сүзегімен сырқаттану жағдайын бақылау істерімен айналысады. 

Сонымен қатар, қоршаған орта объектілерінің: атмосфералық ауаның, топырақтың, су айдындарының ластану көрсеткіштерінің деңгейін қадағалау күн тәртібінен түскен емес.

Батыс Қазақстан облысында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық станция 1949 жылы құрылған болатын. Тәуелсіздік алғалы бері мекеме атауы сан рет ауысқанымен, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет алдына қойылған міндет еш өзгерген жоқ. Қазіргі пандемия жағдайында да санитариялық-эпидемиологиялық сала мамандары індетпен күресте алғы шепте қызмет етуде. Індет басталғалы егемендік алғаннан кейін айқындалған мемлекеттік шекарамызда, оның ішінде әуе, автомобиль және теміржол көліктерін өткізу пунктерінде санитар дәрігерлеріміз азаматтарға медициналық бақылауды жүргізіп, індеттің таралуының алдын алу үшін тәулік бойы жұмыс атқаруда. Халықтың саламаттығы саласындағы іс үздіксіз атқарылуы үшін мемлекет тарапынан қолайлы жағдайлар жасалуда. Мұның барлығы — егемендігіміздің арқасы.

Биыл тәуелсіздігімізге 30 жыл! Атқарылған шаралар көп, алда жасалар іс те аз емес, тек егемендігіміздің ертеңі баянды болсын!

Л.М.Өтешева

БҚО сапнитариялық-эпидемиологиялық 

бақылау департаменті бөлімінің басшысы

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *