Баянсыз тіршілік. Өтпелі өмір болған соң қуаныш пен қайғы қатар жүрері хақ. Бұл енді өмірдің заңды құбылысы. Алайда біреу дүниеден өтіп, жаназаға жиналғанда немесе көңіл айтуға барған жерде дарақылық танытып, езуін жимайтындардың қылығы өзімді қатты ойландырып жүр. Сол себепті оны жүрек қалтарысында қалдырмай, жұртшылықпен бөліскенді жөн көрдім.
Осы арада пікірім жалаң болмас үшін нақты дәлелдерге сүйене кеткенім де жөн болар. Жақында Жаңақала ауданының орталығында дүниеден өте қадірлі кісі өтті. Оның бақилық болғанын білісімен бәріміз де сол үйге жиналдық. Әрине, мұндайда жан-жақтан туған-туысқандар, ағайын-жекжаттар жиналатыны белгілі… Ал осы жаназаға жиналғанда жандүниемді қатты қынжылтқан нәрсе, ол — сондағы егде жастағы ағаларымыздың әзіл-қалжыңды қарша боратқандары. Тіпті үй маңайына 5-6 адамнан жиналып алып, қалжыңның түрін-түрінен төкпелеп, шынайысын һәм анайысын да кезек-кезек айтып, кеңк-кеңк күліп, арқа-жарқа болды әйтеуір. Содан сүйекті жерлеп келіп, бата дастарқанына жайғасқанда тағы бір келеңсіз көріністің куәсі болдым. Төрде отырған бір ағамыз (бұрын лауазымды қызметте болған) тап бір торқалы тойдың үстінде отырғандай езеуреп сала берді. Тіпті аңқылдаған ағамыздың жан-жағындағылармен әзілдескені, қара жиында қарқылдап күлгені көңілге көп мұң ұялатты. Негізі өзімізше ол адам теріс қылығын түсініп, қоятын болар деп топшылаған едік. Жоқ. Болмады. Ол бұрынғыдан да үдете түсті. Сол кезде жаңадан келіп жайғасқан ел ағасы, ақсақал орынсыз күлкі, бос ыржыңға шыдамады, білем, дауысын көтере сөйлеп: «Інім, неменеге жетісіп мәз болып отырсың? Бұл қалжыңдасатын жер ме?» деп әлгіні тыйып тастады. Осы кезде үйдің иесі көз жасын көлдетіп, қайғы жұтып отыр еді. Ол келген кісіге не десін. Үндемеді. Бірақ басқа кісілер де жөнімен сөйлеген ақсақалдың сөзіне қолдау білдіріп, жұрттың бәрі де бір сәт сілтідей тына қалды. Бәлкім, осынау оғаш көрініс тек осы үйде ғана болса, үндемей-ақ қояр ма едік. Мұндай жайлар ауданымызда жиі кездеседі. Қайғы жамылып отырған үйге көңілдерін білдіріп, ортақ болудың орнына қайдағы-жайдағыны сөз қылып, жұрттың берекесін алатындар көбейіп кетті. Міне, осындай сүреңсіз сәттер жаныңды жүдетіп, көңіліңді жабырқатады. «Үш арсыздың бірі – күлкі» деген дана халқымыз. Сондықтан мұндайда ардақты адамнан айрылып отырған шаңырақтың қайғысын бөлісіп, оларға қолұшын берген, сабырға шақырып, ақыл-кеңес айтқан, қамқорлық танытқан абзал емес пе? Сіз не дейсіз оқырман?
Алтынбек СЕРІКҚАЛИҰЛЫ,
Жаңақала ауданы
Жомарт Лұқпанов, аудандық мешіттің бас имамы:
— Жаназа және қабір басындағы тәртіп қазіргі таңда аудандағы өте өзекті, қызу талқыда жүрген мәселенің бірі. Жаназаның дұрыс шығарылмай жатқандығы, жаназа басқаратын адамдардың шариғатқа сай емес әрекеттерді істеуі белең алып бара жатыр. Бұл ойнайтын нәрсе емес. Өткізе салатын туған күн емес. Ең бірінші, жаназаға келерде ниетің дұрыс болуы керек. Екінші, жаназаға қатты мән беріп, ерекше көңіл бөлуіміз шарт. Ал жаназадағы тәртіп мәселесі бұл басты орында. Иә, ауданымызда егде жастағы адамдардың жаназаға келіп, қарқылдап күліп, біреуі саясатты тілге тиек етіп, біреуі қалжыңдасып, тойға келіп тұрғандай кейіп танытулары ұят жағдай. Мысалы, с.ғ.с Мұхаммед пайғамбарымыз жаназаға барған кезде түрі бозарып, өңі қуарып кететін еді дейді өлімді еске алып. Жалпы, мұндай жерде «Бұл өлім менің де басыма келеді. Менің жаназама келетін адамдар қандай болуы керек?» деп уайым жеуіміз қажет. Біз өлімнен ғибрат алуымыз керек. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамды осы өмірдегі бар байлығымен қоштасуға әкелетін өлімді жиі еске алыңдар. Өлімді жиі еске алу байлықтағы қайырсыздықтан қайтарады, кедейліктегі сабырсыздықты жояды. Яғни, сендерге жеңілдік әкеледі» деген.
Аслан СӘУІРБАЕВ, Жаңақала ауылының тұрғыны:
— Ертелі-кеш әрбір адам өмірден өтеді. Сол кезде жанұясы асыл адамын арғы өмірге қимай қайғыратыны анық. Ал қайғы болған шаңыраққа адам баласы қайғыны бөлісуге бару керек. Дегенмен, қазіргі таңда кей адамдар төбе көрсетіп кетуге ғана барады. Жерлестеріміздің бірқатары бұл жалғанның көзді арбаған жасылды-қызылды көркіне алданып, жаназаға барғанда есік алдында темекі шегіп, қарқ-қарқ күліп, анекдот айтып тұрады. Алла елшісі (с.ғ.с) «Бұл дүниенің ләззатын ұмыттыратын өлімді жиі еске алыңдар» деген. Біз не үшін барамыз жаназаға? Мінекей, осы өмірдің, жалған дүнияның ләззатына қатты беріліп кетпей, өлімнен сабақ алуымыз үшін барамыз. Жалпы, жаназада жат қылық, теріс әрекеттен аулақ болғанымыз жөн.
Айтуған Fайнеденұлы, еңбек ардагері:
— Жалған өмірде дүниеге келу хақ болса, дүниеден өту де хақ. Ажалдан адамның ешбіреуі де қашып құтыла алмайды. Кім болса да дүниден өткенде оған барып топырақ салу — бұл адам баласының 5 ақысының бірі.
Жаңақала ауданында қаралы үйге көңіл айту жақсы жолға қойылған. Үлкен де, кіші де қаралы үйдің қайғысына ортақтасып, қолұшын созып жатады. Бірақ та, кей жерлерде қаралы жиынға емес, сазды концертке не той-томалаққа жиналғандай әсерде қалдыратындай жайттар да бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын өзімнің замандастарым қаралы үйде әзіл-қалжың айтып, жөн-жосықсыз әңгімелер өрбітетін. Талай ескерттім. Дегенмен, содан ешқандай нәтиже шығармады. Өкінішті. Дүниеден өткен адамның қаралы жиынында күліп, әзіл-қалжыңмен емес, сол адам жайлы білетін болсаңыз жақсы істерін үлгі етіп, тіпті ол қолыңнан келмесе, үй иелерінің қайғысына үнсіз ортақтасып тұрғаның ләзім. Шырт-шырт түкіріп, темекі тартатындар да бар. Негізі мұндай жерде әдет-ғұрыпты мықтап сақтағанымыз дұрыс.