Сарып (бруцеллез) ауруы адамдардың сарып ауруымен сырқаттануы көктем, жаз айларында күрт өседі. Бұл малдың төлдейтін кезеңіне байланысты.
Ауру малды төлдету кезінде, қойдың жүнін қырқып, одан өнім алу, сондай-ақ ет, сүт өнімдерін дайындау кезінде жұғады. Сүт зауыттарында да ауруды жұқтырып алуыңыз әбден мүмкін. Ол адамға қайнамаған сүт, қаймақ арқылы да жұға алады. Мал қораларын тазалау кезінде ауадағы шаң-тозаң арқылы да жұғады. Осы жұғу жолдарының ішіндегі ең қауіптісі – мал төлдету кезінде малдың шуы, қағанақ суы арқылы жұғуы.
Бруцеллез адамға малдан қалай жұғады деген сұраққа жауап бермес бұрын бруцеллезбен ауырған малды қалай білуге болады, оның белгілері бар ма, бар болса, қандай? – деген сұраққа жауап беріп көрейік. Бруцеллез ауруы малдың әр түлігінде түрліше білінуі мүмкін. Сиыр мен бұқада бруцеллез ауруының белгілері көбінесе байқалмай, елеусіз өтуі де мүмкін. Мұндай жағдайда малдың ауырған-ауырмағандығын тек ветеринариялық зертхана әдістерімен ғана білуге болады. Ал кей жағдайда аурудың аздап болса да сезілуі ықтимал. Ондай сиырдың немесе бұқаның буындары ісініп, аздап ақсаңқырайды. Сиырдың желіні, бұқаның жыныс безі ісе бастайды. Бруцеллездің ең ауыр асқынған және қауіпті кезеңі 5-7 айлық буаз сиыр іш тастайды. Соның салдарынан ол сиыр жыл сайын қысыр қалатын болады. Адамға бруцеллездің жұғуына көбінесе ауру қой мен ешкі себеп болады. Ірі қара малдың бруцеллезі сияқты қой мен ешкіде де бруцеллез көбінесе байқалмай, белгі бермей жүре беруі мүмкін. Ауру деп сезіктенген малды үнемі бақылап отырғанда ғана оның ауырғанын білуге болады. Қой мен ешкідегі бруцеллез ауруының белгісі көбінесе іш тастаудан, өлі төл туудан көрінеді. Кейде ешкі немесе қой сүйек пен буынның ауруға шалдығуына байланысты ақсай бастайды. Мұндайда саулық қойдың емшегі, қошқардың жыныс безі ісетін жағдайлар болады. Шошқада бруцеллез кенеттен, не созылмалы түрде өтеді. Ауру аяқ астынан басталғанда оның температурасы көтеріледі, жем жемей, арықтай бастайды. Еркек шошқаның жыныс безі ісіп кетеді. Буын-буындары ісініп, шодырайып тұрады. Іш тастайды. Ірі қара малдағы сияқты шошқада да бруцеллез ешқандай белгі бермей, тек лабораториялық әдістер арқылы тексергенде ғана білінуі мүмкін. Жылқыда бруцеллез ауруы өзге малға қарағанда басқаша білінеді. Жылқыда бұл аурудың салдарынан іш тастау деген болмайды. Оның есесіне жылқының желке, жон еттері қабынып, шықшыты іріңдейді, кейде тіпті шірігендей белгі береді. Сондай-ақ ауру жылқының буындары ісіп, ауыратын болғандықтан, тез болдырып, ақсап қала береді. Ғалымдардың айтуынша жылқы малы бруцеллезбен сирек ауырады. Ал түйелерді алсақ, бұларда да бруцеллез ірі қараның ауырғанындай басталады. Тұңғыш боталайтын буаз інген 6-7 айдың арасында іш тастайды. Ауру түйенің буыны ісінетін де кезі болады, бірақ бұл белгі сирек кездеседі. Сонымен, бруцеллез белгілері әр түрлі мал түліктерінде түрліше білінгенімен, бәріне ортақ белгі буаз малдың (сиыр, қой, ешкі, түйе, шошқа) іш тастауы болып табылады. Мал іш тастағанда бөлінетін сұйық заттармен, шумен, өлі түскен төлмен бірге бруцелла микробтары да қоса шығады. Сондықтан бруцеллез ауруының жұғуы (80%) сәуір-шілде айларында, яғни көктемгі немесе жазғы мезгілдерде көбірек кездеседі. Демек, малдың іш тастаған жерлеріндегі (жайылым, қора және т.б.) микробтар адамға, сау малға жұғуы өте жоғары болады. Осындай жерлерге мал иесі жергілікті ветеринар мамандарға хабарлап дезинфекция жасатуға міндетті . Бруцеллез микробтары ауру малдың зәрі, жыны мен қиы арқылы да үнемі шығуынан мал жайылымдары мен cуаттар, ондағы шөп, топырақ, су, қысқасы, сол аймақтың бәрі де түгел ластануы мүмкін. Кейде тіпті құдық суының өзін қайнатпай ішу де өте қауіпті, себебі ауру малдың зәрі арқылы ластанған топырақ, шаң-тозаңның құдыққа түсуі ғажап емес. Ауру малдың терісі, жүні, түбіті арқылы да бруцелланың жұғуы әбден ықтимал. Сондай-ақ ауру сиырдың, ешкі мен қойдың сүтінде де микробтар өте көп болады. Қоздырғыштар шикі сүттен жасалған тағамдарда: брынза, кілегей, қаймақ, қымыз, май, шұбат, ірімшік, ет, т.б. көп ұялайды. Егер қой, ешкі малының бруцеллезі адамға жұқса бұл өте қатерлі, адамның ұрпақ әкелмеу мүгедектігіне әкеп соғады. Қолды жумай тамақ ішу, тіпті ауру мал қорасының ішінде темекі тартудың өзі де қауіпті. Бруцеллезді шаң-топырақ арқылы да жұқтырып алуға болады. Қолға қолғап кимей ауру қойды қырыққанда, сондай-ақ жүн түткенде, тері өңдегенде де жұғады. Ауру мал қораларында немесе оның маңында жалаң аяқ жүруге болмайды. Ауру малдан туған қозы-лақпен ойнаған балалардың да ауруы мүмкін. Адамға бруцеллездің жұғу қаупін тудыратын, негізінен, ауру малдар, олардан алынатын азық-түліктер, шикізат өнімдері. Ауру малдың етін бұзғанда да бруцеллез ауруын жұқтырып алуға болады. Қоздырғыштар ауру малдың бауырында, көк бауырында, желінінде, сүйек майында көп кездеседі. Сондықтан бұл жағдайларды үнемі есте сақтап, тиісті сақтану шараларын қолданып отыру қажет.
Сарыптың алғашқы клиникалық белгілері мынадай: Кешке қарай дене қызуы көтеріледі, денені тер басады, әлсіздік пайда болады. Негізінен буындар ауырып, бұлшық еттер мен жүйке жүйелері зақымданады. Жыныс мүшелеріне әсер еткен жағдайда ерлерде орхитке, әйелдерде түсік тастауға, жатырдың қабынуына, мастит ауруларына әкеліп соқтырады. Ал балалар мен жасөспірімдерді белсіздік ауруымен зақымдауы мүмкін. Дер кезінде қаралмаған немесе дәрігерге кеш келген жағдайда бруцеллез асқынып, мүгедектікке әкеліп соқтырады. Ал егер жоғарыда аталғандай ауру белгілері мазалаған жағдайда оны сезінгеннен бастап дәрігерге жедел түрде көрінген дұрыс.
Бұл дерттен сақтану жолдары мынадай: Ең алдымен ауру малдың көзін тез арада жою қажет. Малды төлдету кезінде сақтық үшін арнайы қолғап, аяқ киім киген дұрыс, қолды сабынмен екі қайтара жуып, залалсыздандыру керек. Сонымен қатар сапалы өңдеуден өткен ет, сүт өнімдерін тұтыну қажет. Ауладағы малдың арасында түсік тастау, өлі туу жағдайын дереу мал дәрігеріне хабарлау керек. Әр отбасы мал дәрігерімен тығыз байланыста болғаны абзал.
Сарып ауруының алдын алу үшін әрбір азамат, әсіресе малмен айналысатын малшылар, қойшылар, жеке қожалықта малы барлар төмендегідей сақтық шараларын білгендері жөн:
Уақытылы медициналық, тиісті зертханалық тексерулерден өтіп тұру;
Малды жайғастырғанда, қарағанда, қора тазалағанда, мал төлдету, қырқым кезінде арнайы қорғаныш киімдерін пайдалану, оларды тазалағанда белгілі бір жерде сақта, жалпы киімдерден бөлек жуылуын естен шығармау;
Жұмыс кезінде лас қолмен тамақ ішпеу, темекі шегу секілді әрекеттерді тию;
Сарып ауруына аса бейім келетін, жұқтыра қалғанда мүгедектікке әкеліп соғатын 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жүкті әйелдерді мал шаруашылығына қатысты жұмыстарға мүлдем қатыстырмау;
Сауда орындарындағы мал шаруашылық өнімдерінің (ет, ет өнімдері, сүт, сүт өнімдері) сапасының құзырлы органдар арқылы мұқият қадағалануы тиіс.
Орал қалалық СЭҚБ маманы Р.Х. Бахтиярова