Өңірде жауынгерлік өнер мен қазақ күресін жетілдіру қажет

Бүгін Орал қаласындағы «Nur Otan» конференц-залында «Қазақстан Республикасының жауынгерлік өнер қауымдастығы» мүшелерімен кездесу өтті.

Нұр-Сұлтан қаласынан келген ассоциация мүшелеріне Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Егізбаев қош келдің айтып, өңірде жауынгерлік өнер саласын дамыту жайында сөз қозғады.

Өңірімізде спортқа қашанда көңіл бөлініп келеді. Жастар арасындағы тәлім-тәрбие мәселесінде спорт айрықша рөл атқарады. Жыл сайын спорт нысандары көптеп салынуда. Алайда қазіргі таңда жастардың басым көпшілігінің денсаулығы нашар. Бұл әртүрлі әлеуметтік жағдайларға да байланысты болуы мүмкін. Жастарымыз зиянды әдеттерге әуестенбей, осындай спорт өнерімен шұғылданса құба-құп. Міне, біздер осы мақсатта жұмыстануымыз қажет. Жауынгерлік өнерді алға қарай дамыту керек. Сонда ғана нақты нәтижеге қол жеткіземіз, – деді Серік Рахметоллаұлы.

Қауымдастықтың басты мақсатымен таныстырған  ҚР жауынгерлік өнер қауымдастығы және «Qazaq kuresi» қауымдастығының бас директоры Абат Имамбаев:

Басты мақсат – салауатты өмір салтын дәріптеп, жауынгерлік федерацияларды біріктіру, сонымен қатар жастарға тегін спортпен шұғылдануға жағдай жасау. Осы бағытта бірлесе жұмыс атқаруымыз қажет, – деді.

Айта кетейік, 2018 жылы Қазақстанның Жауынгерлік Өнер Ассоциациясы құрылған болатын, оның құрамына олимпиадалық емес спорт түрлері енді. Ассоциация төрт бағыт каратэ, күрес, барлық дене мүшелерімен айқасуға рұқсат етілген спорт түрлері, ММА аралас жекпе-жек түрлері бойынша жұмыс істейді.

Ал өз кезегінде сөз алған «Qazaq kuresi» қауымдастығының басқарушы директоры Ербол Мырзабосынов бүгінде атадан балаға мұра боп қалған қазақ күресі ассоциациясының құрылып, алдында болған үш ұйымды біріктіргенін жеткізді.

Қазақ күресі қауымдастығы республикалық, халықаралық ареналарда ұлттық дәстүрімізді дамытуға бағытталған. Жуырда ғана елімізде «Қазақ күресі» академиясы құрылды. Басты мақсаты – ғылыми-әдістемелік, ғылыми-медициналық саланы жетілдіру. Қазіргі таңда ғылыми топтар құрылып, осы бағытта жұмыстануда. Бәріңізге белгілі, ұлттық спорт түрлерін мектеп бағдарламасына енгізу мәселесі көтеріліп жүр. Академия тарапынан қазақ күресін Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 23 мектептің бағдарламасына, Назарбаев зияткерлік мектебіне бір жылдық іс-шара жоспарын  енгізу жұмыстарын бастадық. Ісспараымыздың басты мақсаты – өңірлердегі қазақ күресі федерацияларының басын біріктіріп, ассоциация стратегиясын ұсынып, бірлесе жұмыс жасау және өңірлерде қазақ күресі клубтарын құру, – деді Ербол Қуантайұлы.

Сондай-ақ Ербол Қуантайұлы  бүгінде тек қазақ күресінде  тек ауыр салмаққа көңіл бөлінетінін айтып өтті. Сондықтан әр салмақ дәрежесінде елдің бас палуанды анықтау қажеттілігі туындап отырғанын, осы мақсатта кең көлемде дода ұйымдастырылатынын жеткізді.

 Қазақ күресінің ережесі өзгерген. Енді спортшылар қазақ күресіне арналған жаңа боз кілемде жалаң аяқ күресетін болады.

Жиын барысында Батыс Қазақстан облысының спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров қауымдастық мүшелеріне өз ұсыныстарын жеткізді.

Алдымен қай спорт түрін де болмасын ереже бекітілуі тиіс. Қазақ күресінің нақты ережесі жасалып, барлық өңірде бірдейлендіру жұмыстарын жүргізген жөн және қазақ күресінің киіміне «берен» атауын беруді дұрыс деп есептеймін. Сонымен қатар беренге жаңа түс беру қажет сыңайлы. Күресті дамытуды бала жастан бастаған жөн. Осы мақсатта ертегі форматында кітапшалар дайындау керек. Жеңіл әрі қызықты ереже баланың қызығушылығын оятады, — деді Қаймен Есенаманұлы.

Отырыс соңында облыстық федерация басшылары ұсыныс-тілектерін жолдап, бірлесе жұмыс атқаруға дайын екендіктерін жеткізді.

Гүлзинат ҚИБАТОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *