Оралда «Nur Otan» партиясы атынан қалалық мәслихат депутаттығына түсіп жатқан үміткерлер тұрғындармен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда.
Осы іс-шаралар аясында бүгін қос үміткер – Алпамыс Камалов пен Қайырболат Гайнеден қала орталығындағы «Лидер» сауда үйінде болып, санитарлық талаптарды сақтай отырып, келушілермен кездесті.
«Nur Otan» партиясы тарапынан елімізде бүгінге дейін атқарылған жұмыстармен таныстырған үміткерлер қала тұрғындарын партияның сайлауалды бағдарламасынан хабардар етті.
2021 жылы 10 қаңтарда өтетін сайлауға белсене қатысып, партияны және көшбасшы партиямен бірлесе жұмыс атқаруға бел буған үміткерлерді қолдауға шақырды.
Өз кезегінде тұрғындардың бір легі үміткерлерге өтініш-тілектерін жолдаса, бірқатары облыс орталығында жасалған жұмыстарға ризашылықтарын білдірді.
Сондай-ақ бұл күні «Nur Otan» партиясы атынан қалалық мәслихат депутаттығына үміткерлер Алтын Жұмағалиева мен Тимур Әжіғалиев «Есіктен – есікке» акциясы шеңберінде үйлерді аралап, үгіт-насихат парақшаларын таратты. Ал келесі үміткер Тұрсынбек Байтеміров «Үміткерге сауалыңды жолда!» деген айдармен әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шығып, желі қолданушыларымен жүздесу арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
“Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 28 бабының 5-ші тармағына сай «Nur Otan» партиясының Орал қаласының сайлау қорынан төленді.