Бүгін Абай алаңы ақынның қара өлеңдері жазылған екі тақтатаспен толықты. Бұған дейін де алаңда ұлы ақынның қарасөздері жазылған архитектуралық тақтатастар қойылған болатын.
Игі іс жалғасын тауып, Орал қаласы әкімдігінің қолдауымен ел Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында Абай алаңына ақын өлеңдері жазылған тағы да екі тақтатас орнатылды.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында шетелдіктер Қазақстан, қазақ халқы дегенде Абай дейтіндей дәрежеде болуымыз қажет деген болатын. Бұл ең алдымен Абайды құрметтеуден басталмақ. Абайды құрметтеу – өзіңді құрметтеу деген сөз. Өткенді санада жандандыру, тарихқа жіберген есені қайтару жолында Абай бізге темірқазықтай жол көрсетуші шамшырақ іспеттес. Хәкімнің туғанына биыл 175 жыл толып отыр. Осы орайда мемлекеттік деңгейде біраз игі істер жасалынуда. Сондай көлемді шаралар Орал қаласында да атқарылып жатыр. Елімізде биыл алғаш рет тойланып отырған Абай күні қарсаңында қаламыздағы Абай алаңына ақынның өлеңдері жазылған тақтатастар орнатылады. Міне бүгін аталмыш игі іс жалғасын тапты.. Абай Құнанбайұлының сөздері мен өлеңдері жазылған осындай ескерткіш тастарды алдағы уақытта Абай даңғылына қою жоспарлануда. Ұлы ақынның өсиет сөздерін ұмытпай, одан тағылым ала білу кейінгі ұрпаққа парыз болып қала бермек, — дейді Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайрлиев.
Шаһарымыздың көркіне көрік беру мақсатында қойылған тастардың біріне қазақ халқының өмірлік философиясына айналған: «…Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден ерек….» деген өлең жолдары жазылыпты.
Ескерткіш тастарды дайындаған белгілі мүсінші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі — Ерғали Бекешов. Жастарымызға өнеге болатын мұндай дүниелерді жасауды құп көретін мүсінші:
Шорқақ тілмен ой жеткізу оңай нәрсе емес екені анық. Біраз жылдар бойы темірден түйін түйіп, қыр-сырын біле түстім. Тас мүсіндерге тіл бітіріп, тәжірибе жинап, өнер саласында келе жатырмын. Қандай жұмысты қолға алсам да, басынан аяғына дейін үлкен жауапкершілікпен еңбектенемін. Бұл бойымда қалыптасқан ұстанымым. Биыл миллиондаған жылдар бойы балқып , сан түрлі өңдеуден өткен гранит тастарға Абай атамыздың сөздері қашалып жазылды. Кезінде бабаларымыз Тамғалы, Күлтегін тастары арқылы болашақ ұрпаққа қанша тарихи артефакттар, мәліметтер қалдырды. Қандай заман өтсе де, ұлттың коды ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді, жастарымызға өнеге, болашаққа жол көрсетеді. Бабаларымыздан қалған жәдігерлер, жанбастары жерге тиген обалары, осының барлығы аталған ұлттық кодты қалыптастыратын дүниелер. Осы орайда маған сенім артып, осындай маңызды дүниені жүзеге асыруға мүмкіндік бергендеріңіз үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Бұл - мен үшін үлкен абырой. Өнер жолында әрі қарай еңбектенуге, басқа да туындыларды жарыққа шығаруға деген құлшынысымды арттыра түседі, — дейді.
Айта кетейік, елімізде биыл алғаш рет тойланған «Абай күні» қарсаңында қаламыздағы ақын атындағы алаңда ғақлиялары жазылған екі тақтатас орнатылған болатын.
Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ