Бүгін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай мемлекеттік қызметшілер арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқау өтті.
Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі алғаш рет ұйымдастырған байқауға қала әкімдігінің құрылымдық бөлімдері мен кент, село әкімдіктерінен барлығы 16 мемлекеттік қызметші қатысты.
Мемлекеттік тіл саясатын насихаттау және мемлекеттік қызметшінің мәртебесін арттыру бағытында өткен байқауға Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, ҚР мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің БҚО бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Венера Масимова, облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Ганиева , белгілі заңгер, тіл жанашыры Абзал Құспан, «Телегей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Сәдір төрелік етті.
– Бүгінгі байқау арнайы Тәуелсіздік күні қарсаңында өткізіліп отыр. «Өзіңнен баста» деген ұстаныммен алғашқы рет арнайы мемлекеттік қызметшілер арасында ұйымдастырып отырмыз. Алдағы уақытта байқауды жеке кәсіпкерлік нысандар мен жарнама агенттіктері арасында өткізу жоспарлануда, – деді Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев.
Байқаудың алғашқы кезеңінде қатысушылар өздерін бейнеролик арқылы таныстырды. «Жүйрік болсаң, шауып көр» бөлімінде ҚР Тіл туралы Заңы бойынша сұрақтарға жауап берсе, «Мықты болсаң, тауып көр» мақал-мәтел бойынша бақ сынады. Ал жарыстың «Ойлы болсаң, озып көр» кезеңінде ресми құжаттарды мемлекеттік тілге аударса, шығармашылық кезеңде жергілікті ақын-жазушылардың туындыларын орындаған болатын.
Қатысушылардың дайындығын жоғары бағалаған облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Ганиева алдағы уақытта байқауды облыстық деңгейде ұйымдастыру жоспарда бар екенін айтып өтті.
Байқаудың маңыздылығына тоқталған заңгер, тіл жанашыры Абзал Құспан:
– Бүгінгі өткен байқаудың маңызы зор. Өз салаларыңызда жемісті қызмет етіп, ана тілдеріңізді құрметтеп жатқандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Ана тіліңді жақсы көру – есеппен болатын іс емес. Сондықтан бұл жарыста жеңген адам болса да, жеңілген адам жоқ деп есептеймін, – деді.
Байқау нәтижесінде қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Индира Утегенова үздік деп танылып, бас жүлдеге ие болды. Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Данияр Оспан бірінші, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Самал Есқалиева екінші орыннан көрінді. Ал үшінші орынды сәулет және қала құрылысы бөлімінің меңгерушісі Ботагөз Түстікбай иемденді. Ел еркіндігі танытып, мемлекеттік тілін құрметтеген өзге де қызметшілерге алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
– Мұндай байқауға алғашқы рет қатысқандықтан, қобалжып тұрмын. Біз үнемі халықпен тығыз жұмыс жасайтындықтан, мемлекеттік тіліміздің мәрбесін асқақтататын осындай байқау жиі өткізілсе деймін, – деді жүлдегер Орал қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің меңгерушісі Ботагөз Түстікбай.
Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ