Азық-түлік әрі рухани азықпен де қамтамасыз етті

Қайырымдылық – ізгіліктің көрінісі. Ол көмекті қажет етушілерге білдірілетін сүйіспеншілік пен қол ұшын беру болып табылады. Қайырымдылық жасау үшін асып-тасып бай болу керек емес. Ең бастысы мейірімді жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті.

Кез келген қиын жағдайда адам баласы әр түрлі бағытта көмек қолын соза алады. Біреулер жаны жабырқау жүргендерді жұбата отырып күлкі сыйласа, екіншілері қиын сәтте қол ұшын беріп, көмек жасайды. Бүгінде сондай игі істер, түрлі акциялар мен жобаларды қолдап, қайырымдылықты өмірлік мақсат еткен жомарт жандардың саны жылдан-жылға артып келеді. Солардың бірі – «BIRLIK» еріктілер тобы. Топ мүшелері жаны жомарт, пейілі кең азаматтар Дулат Мақатов пен Азат Рашидов 2 желтоқсан күні Жаңақала аудандық мешітінде болып, жерлестеріне жанашырлық танытып, игілікті іс атқарды. Нақтырақ айтсақ, 20 аз қамтылған отбасыға азық-түлік таратты. Әрі аудандық «Жаңарған өңір» газетіне 6 айға тегін жаздырып берді.


Шара барысында сөз алған аудандық мешіттің найб имамы Алтынбек Болатов:

Пенде мұқтаж жандарға садақа берумен сауапқа кенеледі әрі мүлкінен ештеңе кемімейді. Керісінше, Алла оның мүлкіне береке беретін болады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Садақа мал-дүниені ешқашан кемітпейді. Пенде қолын садақа беру үшін созғанда ол садақа сұраушының қолына жетпестен бұрын Аллаға берілгендей болады». Қайырымдылықтың ең абзалы – мұқтаж жандардың қажетін өтеу. Осындай ізгі, елге болсын деп тұратын жанашыр бауырларымыздың сауапты ісін Алла Тағала еселеп жазғай! Алланың берген несібесінің аз да болса бір бөлігін Хақ Тағаланың разылығы үшін қайырлы істерге жұмсасақ, қоғамға тиер пайдасы мол болатыны сөзсіз,-деп игі іске ұйытқы болған жігіттерге алғысын білдірді.

Мұнан кейін сөз алған ерікті жастар Д.Мақатов пен А.Рашидов қайырымдылық шаралары әлі де жалғасын табатынын айтып, ел-жұртқа амандық-саулық тіледі.


Осынау игі іске «BIRLIK» еріктілер тобымен қатар, Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының Батыс Қазақстан облысы бойынша Жаңақала филиалы, яғни халыққа қызмет көрсету орталығының ұжымы да өз үлестерін қосты.
«Берекелі жұма» акциясы аясында жүзеге асқан қайырымдылық шарасында тұрғындар да өз ризашылықтарын білдіріп, ізгі тілектерін жеткізді.


Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *