Бүгін қала әкімі Абат Шыныбеков Әбілқайыр хан даңғылы 44,46 және Ульяна Гормова 11, 11/1, 13 мекенжайларындағы жаңартылған тұрғын үй аулаларында болды.
Жыл басынан бері қала бойынша 11 көпқабатты тұрғын үй ауласы абаттандырылды. Бұл үшін мемлекеттік бюджеттен 400 млн.теңге бөлінген. Аталған қаржы бүгінде толықтай игерілген. Ал 2021 жылы 19 ауланы абаттандыру жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда Оралда 500-ге жуық аула бар болса, олардың 400-ге жуығына абаттандыру жұмыстары жүргізілген.
Жоба аясында подъездерге кіреберіс жолдар, асфальт-бетонды жабын төсеу, тас төсеуіштер, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін қою, сонымен қатар балаларға арналған ойын алаңдары мен спорт алаңдарын орнату қарастырылған. Қала әкімі осы мақсатта жүзеге асырылған жұмыстармен танысып, аула тұрғындарымен жүздесіп, олардың пікірлерін тыңдады.
Алдымен шаһар басшысы Әбілқайыр хан даңғылы 44,46 мекенжайындағы ауланың абаттандыру жұмыстарымен танысты. Аулаға абаттандыру жұмыстарын «Dizain-D.A» ЖШС мердігер мекемесі жүргізген.
Ауламыздың қазіргі кейпі өте тамаша. Осы ауданда 46 жылдан бері тұрамын. Осы жылдар ішінде жөндеу көрген жоқ. Енді бәрі керемет болды. Тұрғындар атынан ризашылығымды білдіремін, – деді аула тұрғыны, зейнеткер Геннадий Павлухин.
Қала әкімі тұрғындарға аталмыш аулада жарықтандыру жұмыстарын жүргізілетінін, сондай-ақ алдағы уақытта спорт алаңы салынатыны жөнінде жағымды жаңалықты жеткізді.
Осыдан кейін Абат Абайұлы Ульяна Гормова 11, 11/1, 13 мекенжайларындағы жаңартылған тұрғын үй аулаларына барды. «Айдана» ЖШС мердігер мекемесі жасаған бұл аула жұмысына тұрғындар дән риза. Мемлекет қазынасынан бөлінген қаражаттан бөлек, мердігер өз қаржысына аулаға қос субұрқақ, «Street Workout» және футбол алаңын салған.
Бұған дейін тұрғындар үшін бірінші қажеттілік жол мәселесі болып келді. Соған байланысты әр жобада балалар мен спорт алаңдары қарастырылған жоқ. Келесі жылы аула аумақтарын абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылады. Алдағы уақытта әр аула тұрғындардың талқылауына шығарылады. Сәйкесінше, жобалық-сметалық құжаттама тұрғындардың пікір-ұсыныстарына сәйкес бекітіледі. Бұл ретте тұрғын үй басқарушы органдары белсенді жұмыс жасауы керек, – деді Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй.
Көпқабатты үйлердің тұрғындарымен кездесу барысында қала әкімі Абат Абайұлы абаттандырылған ауланы бұдан әрі күтіп-ұстау, сақтау тұрғындардың өз жауапкершіліктерінде екенін жеткізді.
Орал қалалық ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің абаттандыру секторының меңгерушісі Орынбасар Бисенғалиев абаттандырылған аула аумақтарын жарықтандыру жұмыстары жүргізілетінін айтып өтті.
Гүлзинат ҚИБАТОВА