Оралда «Абай» даңғылы ашылды

Бүгін Орал қаласында Абай даңғылы салтанатты түрде ашылды.


2020 жылдың ақпан айында қала әкімдігіне Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалы атынан қаламыздағы негізгі көшелердің біріне Абай есімін беру жөнінде ұсыныс түскен болатын. Ұсыныс республикалық ономастикалық комиссияның оң қорытындысын алып, бүгінде Еуразия даңғылы ресми түрде Абай даңғылы болып өзгерді.


Ұлы ақын атауы берілген даңғылдың ашылу рәсіміне БҚО әкімі Ғали Есқалиев, қазақ өнерінің абызы, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет, жазушы, журналист Мереке Құлкенов, ақын, журналист, қазіргі айтыс өнерінің ұйымдастырушысы Жүрсін Ерман, композитор, әнші, Қазақстан халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, халық жазушысы, ақын Жұбан Молдағалиевтің жұбайы Софья Молдағалиева, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева және өңіріміздің зиялы қауым өкілдері қатысты.

Салтанатты шараны ашқан Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков:
– Биылғы жыл – Абай жылы. Ұлы ақынға арнап республикалық, облыстық, қалалық деңгейде көптеген игілікті шаралар оздырылып жатыр. Абай ақынға арнаған шара бүгінде өз мәнін жоймайтынына куәміз. Күн санап көркейіп келе жатқан қаламызда биыл Абай алаңы абаттандырылып, ақынның қарасөздері жазылған тақтатастар орнатылды. Соның бір айғағы – қала күндері шеңберінде екі күн бойы Ақ Жайықтың қос шынары Жұбан Молдағалиев пен Қадыр Мырзалиевке арналған игі шаралардың жалғасы іспетті бүгін Абай даңғылының ашылуы болып отыр, – деді.


Театр және кино актеры, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов артында өшпес із қалдырған ұлы тұлғаның қалдырған мол мұрасының мәңгілік екенін жеткізсе, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет Абай өлеңіндегі «толық адам» ұғымын осылайша жеткізді.


– Абай атамыз – ұлтымыздың ұстазы, халқымыздың темірқазығы.Біздің мемлекетімізге бағыт сілтеп тұрған, әлемнің көгінде жарқырап тұрған жарық жұлдызымыз. Мұнда көше атауының қасында ақынның «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден ерек» деген сөзі жазылыпты. Толық деген кемел адам деген сөз. Толықтықты Абай атамыз екіге бөледі. Адамдыққа толық адам, сосын надандыққа толық адам. Біз соның адамдыққа толық адам деген жолын ұстанамыз. Орал таңғажайып қазақтың қаласы Абай жырымен нұрланғандай болып тұр. Еуразия деген жаттанды ат сияқты, соған Абайдың жырының нұры түсті бүгін. Осы көшенің сәулесі бүкіл Оралды жарықтандырды. Маған осы көшеде тұратын тұрғындар басқаларға қарағанда бақыттырақ секілді көрініп тұр. Бірақ мен Тәуелсіздік алғаннан бергі отыз жыл ішінде Орал қаласында Абайдың көшесі болмады дегенге таң қалып тұрмын. Көшелеріңіз құтты болсын. Абайдай өмір сүрейік, абайлап өмір сүрейік, – деді.

Гүлзинат ҚИБАТОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *