Жуырда Орал қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері велосипед, аккумулятор, су айдайтын электр компрессор сынды жеке мүліктерді ұрлаған күдіктіні құрықтады.
Күдікті 1978 жылы туған, еш жерде жұмыс жасамайтын, бұған дейін заң алдында жауапталған А. есімді азамат. Шілде айының басында да ұрлық әрекеттеріне жол берген. Ол өзгенің гаражы мен үйінің есіктерін бұзып кіріп, енді бірінің саяжайдағы үйіне ретін шығарып кіріп қолына тигендерін жымқырып 5 рет ұрлыққа жол берген.
Мысалы: 13 шілдеде «Локомотив» саяжай қоғамындағы бір үй ауласына емін -еркін кіріп, «Барс» маркалы аккумуляторды үптеген. Содан кейін электр компрессор, 1 бума электрод, т.б. жеке мүліктерді қолды қылған. 1954 жылы туған саяжай иесі полицияға арыз жазып, 18 мыңға жуық теңгеге материалдық шығын келгенін айтты. Ал жасы қырықтан асқан күдікті ұрлық жасағанын мойындады. Бүгінгі күні басқарманың уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ұрлық фактісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Орал қалалық ПБ баспасөз қызметі