Көп жылдар бойы өз бетімен бой көтеріп жайқалып өскен немесе адам қолымен отырғызылған жасыл желекті орман бірнеше сағаттың ішінде отқа оранып жойылып кетуі мүмкін. Орман өртінен кейінгі көрініс жан түршігетіндей: көрікті демалыс орындары қара күйе ағаш бағандары мен формасыз құлаған ағаш үйінділеріне айналады.
Орман әр жылы әр түрлі белсенділікпен жанады, бұл тек ауа-райының қолайсыздығынан ғана емес. Орман өрттері әр түрлі себептермен болады. Олардың басым көпшілігі – сөндірусіз қалдырған от, тұтанған темекі қалдықтары мен шырпы, құрғақ шөпті жағу. Жаз мезгілінің басы мен орта кезі орман үшін өте қауіпті мезгіл, себебі ыстық та аңызақ күндердің соңы қатты желге айналадын. Былтырғы жылғы шөпті өсімдіктер, түскен жапырақтар әбден кеуіп жану материалдарына айналады. Жыл өткен сайын өрттен келетін зиян ұлғайып барады. Өрт қауіпті кезеңінде мемлекеттік орман қоры аумағында жас қылқан жапырақты орман отырғызылған жерде, бұрын болған өрт орындарында, бүлінген орман учаскелерінде, жарылған ағаш қалдықтары мен дайындалған ағаш отындары бар орман ішіндегі ағаш кесетін жерде, кеуіп қалған шөпті өсімдіктер орындарында, сондай-ақ ағаштардың ұшар басы маңында от жағуға тыйым салынады; аңшылық құрғанда оталғыш немесе бықсығыш материалдарды отынға қолдануға, жанармай заттарын сүрткен материалдарды арнайы қарастырылмаған жерлерге тастауға, іштен жанатын қозғалтқыш істеп тұрған кезде отынды бакқа құюға, қозғалтқыш қуат көзі жүйесінің ақауы бар машинаны қолдануға, сондай-ақ жанар маймен жүретін машиналардың жанында темекі шегуге немесе ашық түрде от қолдануға тыйым салынады. Мемлекеттік орман қоры жерлерінде және орман қорына, сондай-ақ қорғау және жасыл отырғызулармен тікелей іргелесіп жатқан учаскелерде құрғақ шөпті, тал-шыбықтарды, бұталарды орман алаңында, орман ішіндегі ашық жерлерде, шалғында, жайылымда, орылған егістің орнында жағуға тыйым салынады.
Шыңғырлау ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі тұрғындардың табиғатты оттан қорғауға, өрт қауіпсіздігін сақтауға назар аударады.
Шыңғырлау ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі