Мемлекеттік органның қызмет ету бағытының жаңа форматы талқыланды
Жуырда мемлекеттік қызметшілер күніне орай Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО департаментінің бастамасымен, ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының БҚО бойынша филиалының қолдауымен ZOOM платформасы арқылы «Мемлекеттік қызметші жұмысының жаңа платформалары мен инновациялық форматтары» атты маңызды халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.
Аталған семинарға ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әділ, БҚО әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев, БҚО әкімінің орынбасары Серік Егізбаев, Ресей Федерациясының өкілдері, ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының БҚО бойынша филиалының қызметкерлері, облыс бойынша «Болашақ» бағдарламасы және мемлекеттік басқару академиясының түлектері, сондай-ақ әкімшілік мемлекеттік органдар және құқық қорғау органдарынан елуге жуық қызметкер қатысты.
Семинар барысында модератор ретінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО департаментінің басшысы Ғ.Тұрсынбаев коронавирус пандемиясына байланысты карантин енгізуде жаңа мүмкіндіктер мен проблемаларды ашып көрсете отырып, ақпараттық технологияларды қолдануды жеделдеткенін айтып өтті.
- Осы мәселелерді талқылауға біздің бүгінгі халықаралық ғылыми-практикалық семинар «Мемлекеттік қызметші жұмысының жаңа тұғырнамалары мен инновациялық форматтары» арналып отыр. Бұл жағдайда қашықтан жұмысты ұйымдастыру тәжірибесін талқылау, мемлекеттік органдардың әлеуетін нығайту жөніндегі жұмысты жалғастырудың, қазіргі жағдайда олардың қызметінің тиімділігін арттыру құралдарын іздестірудің маңыздылығын атап өткім келеді, - деді.
Сонымен қатар семинар қонақтары алғы сөз сөйлеп, семинарға қатысушы Ресей Федерациясының өкілдеріне құттықтауларын жеткізді.
Семинардың негізгі баяндамашылары Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының БҚО бойынша филиалының директоры Ш.Габдрахманова «Мемлекеттік қызметшінің сандық дағдыларын қалыптастыру жолдары» тақырыбында, Самара қаласы бойынша мемлекеттік басқару университетінің мемлекеттік және муниципалдық қызмет институтының директоры Д.Березовский «Қазіргі жағдайда мемлекеттік және муниципалдық қызметшілердің қосымша білім беру ерекшеліктері», Батыс Қазақстан облысының ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасының басшысы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі және Президенттік жастар кадрлар резервінің қатысушысы С.Нұртазаев «Мемлекеттік басқаруды цифрландыру», Жәнібек ауданының әкімі, мемлекеттік басқару академиясының түлегі А.Сафималиев «Төтенше жағдай кезінде мемлекеттік қызметшілердің жұмысын ұйымдастыру: жаңа әдістер және қиындықтар», Самара облысы губернаторының мемлекеттік әкімшілік басқарма және кадрлық саясат департаментінің кәсіби дамыту басқармасының басшысы А. Банюк «Самара облысының кадрлық әлеуетін дамыту үшін сандық платформалық шешімдерді пайдалану» және ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Н.Самет «Мемлекеттік органдардың қашықтықтан жұмыс істеуі кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» тақырыптарында баяндамаларымен таныстырып, өз ойларын ортаға салды.
Семинар жұмысына қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, оларға қажетті жауаптар берілді.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Ғ.Тұрсынбаев семинарды қорытындылап, барлық семинар қатысушыларға ризашылығын жеткізді. Коронавирус пандемиясының таралу кезеңінде кадрлық әлеуетті дамытуда сандық технологияларды қолдану мен оқытуды іске асыруда қызықты тәжірибесі үшін Ресей Федерациясының өкілдеріне жеке алғысын білдірді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің баспасөз қызметі