Орал қаласы полиция басқармасының құрылымдық бөліністері, кәсіби шеберлігі шыңдалған қызметкерлер мен үздік көрсеткіштерге қол жеткізген ұжым мақтаныштары туралы жиі айтылып жүр.
Ұжымда – айдауыл қызметі взводының қыз-жігіттері өз істеріне адал, салмақты жандар. Олар жүктелген тапсырмаларды мінсіз әрі тиянақты орындауға ұмтылады. Әлбетте, таңертеңгілік жиынға ертемен взвод түгелімен жиналып, басшыдан мақсатты тапсырманы алған соң, әркім өз ісімен шұғылданады. 23-маусым «Қазақстан полициясы күні» мерекесі қарсаңында басқармада елеулі қызмет атқарып отырған айдауыл взводының жұмысы жөнінде жазуды жөн көрдік.
Орал қалалық Полиция басқармасының айдауыл қызметі взводына полиция майоры Қадырбек Қафизов басшылық етеді.
1997 жылы ішкі істер органына полиция кіші сержанты шенімен қызметке қабылданған Қадырбек Қайырсапарұлы 2002-жылдан бері айдауыл қызметінде жұмысын жақсы атқарып отырған білікті басшылардың бірі. Еңбек өтілі жиырма жылдан астам уақытты құрайтын басшының қарамағындағы саланың ыссы-суығына шыдаған 24 қызметкер бар. Олап ең әуелі айдауылдау бағытындағы жағдайды және оның ерекшеліктерін, айдауылданушылар туралы негізгі мәліметтерді біліп, айдауылдар арасындағы өзара іс-қимыл жасау тәртібін белгілейді, сотта және тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде күзетуді қамтамасыз етеді.
Қадырбек Қайырсапарұлы «Асыл ердің баласы аз сөйлеп, көп тыңдайды,- демекші, өзі басшылық жасайтын ұжымының ұйымшылдығы туралы айтып, жеке құрам арасындағы мергендерімен, спортшы жігіттерімен мақтанды. Біздің түсінгеніміз, айдауыл взводында салауатты өмір салтын ұстанған, спортты жандарына серік еткен қызметкерлер қатары жеткілікті. Мысалы: волейболдан өткен облыстық турнирлерде Нұрберген Қайдаров пен Махамбет Белгібаев команда қанжығасына бірнеше мәрте жеңіс әкелді. Футбол командасы да жасақталған. Аяқ доп шеберлері Рустам Аубекеров пен Медғат Аубекеровтің, Зият Рамазановтың футбол десе жанын салып ойнайтын шебер ойыншылар екенін атап өтті. Ал Ербол Ғұмаров пен айдауыл взводының құрамындағы жалғыз ару Назым Умбаева қызметтік қарудан атудан көздегенді мүлт жібермейтін мерген.
Полиция майоры сөз арасында межелі орынға уақытынан кешіктірмей, жол тәртібін сақтай отыра қызмет ететін тәртіпті сақшылары полиция старшинасы Жандос Жүсіпқалиев пен полиция аға сержанты Бауыржан Давлетовтің есімдерін мақтанышпен атады.
Қадырбек Қайырсапарұлы басшы ретінде аталмыш бөлімде біраз жыл қызмет еткен қызметкерлерді де атап өтті. Айдауыл қызметі взводының полицей-айдауылы, полиция аға сержанты Рустам Аубекеров 2009 жылдың қараша айында тағылымдадан өтіп, 2010 жылдың 10 қаңтарында қызметке кіріскен. Бүгінгі күнге дейін осы бөлімде жұмысын мінсіз атқарып келеді. Взвод бастығы: – Біздің Рустам Аққалиұлы өзінің міндеттерін нақты біледі және оларды дәл орындайды, айдауылданушыларға ұдайы қадағалауды жүргізеді деп оң баға берді. 10 жылды артқа тастаған еңбекқор, алғыр Рустам Аубекеров БҚО ПД және Орал қ.ПБ бастықтары атынан бірнеше алғыстарға ие болды. Қылмыс жасаған адамдарды сотта да күзететін, сондай-ақ сот үкімі шықпағандарды уақытша ұстау изоляторларына жеткізетін, қызметіне ұқыптылықпен қарап, әр тапсырманы тиянақты атқаратын тәртіп сақшысы екенін дәлелдеп жүр. Теректі ауданының тумасы Ербол Гумаровтың да айдауыл қызметінде 11 жылдан астам еңбек етіп жүргенін білдік. Жауапты тұлғаларды түзету мекемелеріне жеткізіп, ұжымының мақтанышына айналған полиция аға сержанты басшылар тарапынан бірнеше мадақтауларға ие болған.
Орал қалалық Полиция басқармасы айдауыл қызметі взводының шыңдалған қызметкерлер құрамының білім-біліктілігінің арқасында берілген қиын тапсырмаларда еркін игеріп кетеді. Осынау еңбектері ынталандырылуда. Қорыта айтсақ, айдауыл взводы қызметінің жетістіктері- тәртіп сақшыларының өз ісіне деген адалдығының көрінісі іспеттес.
Гүламан Исмағұлова,
Орал қалалық полиция басқармасының баспасөз хатшысы