Бала еңбегін бағалап жүрміз бе?

Жаз мезгілі – еңбек маусымы.  Осы шақта қала көшелерінен еңбекке араласып, өз нәпақасын тауып жүрген балалар мен жасөспірімдерді жиі кезіктіреміз.

Бүгін Орал қаласында  балалардың еңбегін заңсыз пайдаланып жүрген орындарда «Бала еңбегін пайдалануға жол жоқ!» ұранымен  рейдтік іс-шара жүргізілді.  Шара «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» Ұлттық ақпараттық науқаны аясында ұйымдастырылуда.

Рейд кезінде тексеруші топ құрамында қалалық  ЖПҚБ ювеналды полиция бөлімінің инспекторлары, Орал қалалық әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясы мен  білім беру бөлімінің өкілдері және волонтерлер болды.

Шараның басты мақсаты – кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау, бала еңбегін пайдалануға тосқауыл қою.

Кәмелет жасына толмаған жасөспірім жұмысқа орналасар алдында ата-анасынан жазбаша рұқсат қағазын алып, еңбек келісімшартын жасауы тиіс.Ал жұмыс беруші тараптан  өңірлік еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті мен денсаулық сақтау басқармасының келісімі болуы қажет. Осы заңдылықтар көбіне-көп сақтала бермейді. Сонда бұған кім жауапты?

Еңбек келісімшартын жасамаған

Түсіндіру жұмыстары қалалық мәдениет және демалыс саябағынан басталды. Саябақ аралаған тұрғындар да, оларға қызмет көрсетіп жатқандар да жетерлік. Балмұздақ, сусындар мен тәтті жүгері сатқан жасөспірімдер камераны көрген сәтте дүңгіршіктерін жауып, ақпарат беруден бас тартты. Кейбірі күнделікті жұмыс уақытына салғырттық танытса, енді кейбірі еңбек шартын мүлдем жасаспаған. Ал оған жауапты тұлғаларды,  яғни сол орынның иелерін ол маңайдан кезіктіре алмадық.

Басты себеп – материалдық қажеттілік

Орал қалалық ЖҚПб ЮПб аға инспекторы Мадина Құспанованың мәліметінше, үш күн ішінде 45 нысан тексерілген. Жұмыс берушілертарапынан 16 заң бұзушылық фактісі тіркеліп, ескерту берілген. Оның айтуынша, балалардың еңбекке ерте араласуы материалдық қажеттіліктің жиі туындауынан болып отыр.

Науқан аясында қаламыздағы білім ошақтарының қызметкерлері де түсіндіру жұмыстарын өткізуде екен.

Осы оқиғалардың алдын-алу мақсатында ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Биыл жазғы демалыс уақытында ақылы жұмысқа тартылған тоғыз оқушы бар. Олар ата-аналарының рұқсаты бойынша жұмыс жасауда, – деді қалалық №19 ЖОББМ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Харесова.

Заңда 18 жасқа толмағандарға жұмыс істеуге тыйым салынған Аптасына 14-16 жастағы балаларға  – 24, 16-18 жасқа 36 сағат қана еңбек етуге рұқсат етілген. Бұл еліміздің Еңбек кодексінің 69-бабында көрсетілген.

Ескерту берілгенмен, еңбек етуден бас тартып жатқандар жоқ. Бастысы – қауіпсіздік. Ақша табамын деп, қателікке бой алдырып немесе алданды дегенді көз көріп, құлақ естіп жүр. Сондықтан балаңызға жауапкершілікпен қараңыз, ата-ана! Арнайы келісімшарт жасалмаған жерде балаңыздың еңбегі еш кететінін естен шығармағаныңыз абзал.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *