Орал қалалық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері осы жылдың 20 мамыры күні кешкісін үш бірдей велосипедті ұрлаған күдіктіні қолға түсірді.
Күдікті қолды қылған бөтеннің мүліктерін бейтаныс адамдарға сатып та үлгерген. Яғни, 1989 жылғы Орал қаласының тұрғыны, бұрын сотты болмаған К.есімді күдікті велосипедтерді қалай ұрлағанын мәлімдеп, кінәсін толықтай мойындады.
Мамыр айының 8-і, 14-і және 15-і күндері алдымен қаланың 6-ықшамауданында, одан кейін «Жеңіс» ықшамауданында өзгелердің велосипедтерін емін-еркін иеленіп кеткен ол орталықтағы Ә.Молдағұлова көшесіндегі үйлердің бірінің ауласынан келесісін тағы «тақымына» басқан. Мүліктерін бекіткен қатты сымның өзін өткір қысқышпен қиып алып кеткенін көрген жәбірленушілер бірден полицияға жүгінген.
Ұрланған велосипедті тапқан жедел уәкілдер – полиция капитаны Асылбек Биғазиев, полиция аға лейтенанттары Мержан Жұмағалиев пен Руслан Нагиев оларды өз иелеріне қайтарды. Орал қалалық ПБ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөліміне сай қылмыстық іс қозғап, тергеу әрекеттері басталды.
Өз тілшіміз