Елімізде жарияланған төтенше жағдайларға байланысты барлық оқу орындары, соның ішінде КжТББ ұйымдары да өз студенттеріне кәсіби білімді қашықтықтан оқыту арқылы жүргізіп жатыр.
Жалпы орта білім беретін мектептер бұл жүйеге төртінші оқу тоқсанынан бастап, яғни кейінірек қосылса да ЖОО бұл оқыту жүйесі элементтерімен бұрыннан таныс. Ал колледж оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлеріне төтенше жағдай жарияланғаннан кейін қысқа ғана мерзім ішінде талапкерлерге болашақ мамандықтарын меңгеруге қатысты жалпыкәсіптік, арнайы пәндер мен өндірістік оқыту сабақтарының материалдарын жүйелеп, ғаламтор арқылы электронды оқытуға көшу қажеттілігі туындады.
Осы орайда инженер — педагогтар бар жағдайға түсіністікпен қарап, шалғайда тұратын студенттерге ғаламтор желісі жылдамдығының кейде нашарлап кететіндігін есепке ала отырып, күнделікті сабақ кестесінен ауытқымай, уақытылы әрі қол жетімді сабақ материалдарын меңгертуге жұмыстануда. Біздің Орал политехникалық колледж ұжымының оқытушылары Zoom бағдарламасын, «Classroom» платформасын, сондай — ақ «WhatsApp» әлеуметтік желісін қолдана отырып, оқу — тәрбие жұмыстарын жалғастырып жүргізіп келеді. «Zoom» бағдарламасы конференция құру арқылы білімгерлермен онлайн сабақтар өткізу мүмкіндігін тудырса, «Classroom» платформасы студенттердің көптеген бөлігін қамтып, сабақ процесін түрлендіріп өткізуге, яғни оқытушылар мен студенттерге ақпараттық технология түрлерін кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді. Құрылыс саласына болашақ маман даярлау мақсатында арнайы пәндерден сабақ беру барысында осы платформаны қолданып түрлі презентациялар мен бейнематериалдарды, технологиялық нұсқау карталарды ғаламтордан тікелей жүктеп салып отырамын. Кейбір өте шалғайдағы студенттерімізбен кері байланысты «WhatsApp» желісі арқылы алып отырамыз.
Қашықтықтан оқыту оқытушыларға одан әрі шығармашылықпен жұмыстануды қажет етеді және олардың ақпараттық – коммуникативтік тұрғыдағы құзыреттіліктері де осы орайда көмекке келеді. Инженер — педагогтар өз пәндерінен бейнесабақтар жасақтауды қолға алып, күнтізбелік — тақырыптық жоспарларына сай әрбір тақырыпқа бейнематералды сабақтар құрастырып, колледжіміздің Youtube каналына жариялап отырады, студенттеріміз ыңғайлы уақытта сілтеме көмегімен қарап, сабақты меңгеріп, кері байланысқа шыға алады.
11 – 15 мамыр аралығында облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Қашықтықтан оқытуда оқытушылардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру» тақырыбында вебинар оздырылды. Вебинарға облыс колледждерінің әдіскерлері, арнайы пәндер оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері қатысты. Әрбір қатысушы қашықтықтан оқыту жағдайында оқу, өндірістік оқу мен тәрбие жұмысы процестерін ұйымдастыру мен өткізудегі өздерінің әдіс — тәсілдерімен бөлісті. Аптаға созылған вебинарға облысымыздың барлық инженер — педагогтары «Zoom» бағдарламасы арқылы қатысу мүмкіндігіне ие болды. Шараның бергені көп болды десем, артық айтпайтын шығармын, себебі әрбір шеберлік марафонына қатысушының веб — сағатынан өзіме қажет деген жаңа оқу — әдістемелік құнды ақпараттар ала алдым. Кәсіптік білім беруде ақпараттық қор мен жүйе қалыптастыру мақсатында оздырылған вебинар мақсатына жетті деген ойдамын.
Италияндық атақты суретші Леонардо да Винчи: «Сүйкімді асты қабылдаудың еш жағымды әсер болмайтыны тәрізді, ынтасыз, зердесіз білім қабылдау ақыл-ойды тоздырады, айтылған ақпараттар бойға сіңбейді, жақсы тәрбиелі ұрпақ қалыптаспайды», — деген екен. Ендеше, кәсібінің қыр — сырын меңгеруге деген ынтасы мен зердесі мол білімге қанат қаққан жас талаптарды тәрбиелеудегі шығармашыл тәлімгерлер мен әдіскер ұстаздарымыз көп болғай!
М. Т. Капашева,
Орал политехникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы