Таяуда Орал қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің мүліктік қылмыстарды ашу тобы 19 эпизодтан тұратын ұрлық фактісін ашты.
Осы жылдың қаңтар-наурыз айларында жасалған қылмыстың бетін Криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері жедел-іздестіру іс- шаралары барысында ашты. Топ құрамындағы үш жігіт түнде қаладағы салынып жатқан үйлердің бірінші қабатындағы пластик терезелерді итеріп ашып кіріп, ондағы дәнекерлеу аппараты, жар тесетін бұрғылар, жылыту батареялары, электор қаңылтыр кескіштер, теледидар сынды құрылысқа қажетті құралдарды ұрлаған. 1992, 1994, 1999 жылғы топ мүшелері бұған дейін де түрлі қылмыстық істермен есепке алынған оралдықтар көрінеді.
Бүгінгі күні қалалық ПБ тергеу бөлімінің өндірісінде ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөліміне сай 19 эпизодпен қылмыстық іс тергелуде. Жасырып келген айғақ заттары тәркіленген күдіктілер қылмыстарын толықтай мойындады. Заттардың көпшілігі өз иелеріне қайтарылды. Алдағы күндері күдіктілердің заң алдындағы жазасы тағайындалады.
Орал қалалық ПБ баспасөз қызметі