Кеше Орал қалалық полиия басқармасының криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері төрт ай бойы ұрлық жасап, қылмыспен айналысқан әккі топты құрықтады.
Топтың құрамындағы бұған дейін бірнеше рет сотталған Б. және К.есімді қала тұрғындары облыс орталығының бірнеше аудандарындағы, соның ішінде «Асан» және «Самал» ықшамаудандарындағы гараждарды нысанаға алған. Оларға емін-еркін кіру үшін есіктерін темір сүйменмен сындырып ашқан. Сөйтіп гараж ішіндегі құрылысқа қажетті түрлі құрал-саймандарды ұрлаған. Ұрлайтын еш нәрсе болмағанның өзінде жапсарлас салынған үйлердің есігін бұзып кіріп, ол жерден де қолдарына іліккен құралдарды жымқырып кете берген.
Кейбір саяжай қоғамдарындағы саяжайлардың есігін қиратып, бірнеше тұрмыстық техникаларды қолды қылыпты. Соның салдарынан жеке мүлік иелеріне өте көп мөлшерде материалдық залал келтірген.
Жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде басқарманың КПб мүліктік қылмыстарды ашу тобының жедел уәкілдері қос күдіктіден айғақ заттардың барлығын тәркіледі. Ал үйіне не гаражына, саяжайына ұры түсу фактісі бойынша шағымданған азаматтар басқармаға келіп, өз заттарын танып алуда. Бүгінгі күні ҚР ҚК-нің 188-бабының 3 тармағына сай 10 эпизодпен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Осылайша жедел уәкілдердің кәсіби шеберліктері мен тынымсыз іздестіру жұмыстары өз нәтижесін берді. Ұрланған жеке мүліктері өздеріне қайтарылған тұрғындар полиция қызметкерлеріне алғыстарын айтуда.
Орал қалалық ПБ баспасөз қызметі