Сурет байқауының жеңімпаздары анықталды

Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті 1-11 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған «Мен қауіпсіздік үшін» атты қашықтан өткізілген балалар суреттері байқауының қорытындысын жариялады.

Департаменттің баспасөз қызметі мәлімдегендей, байқауға қатысушылар қыл қалам мен бояу арқылы өздерінің бүгінгі елдегі жағдайға байланысты көңіл күйлерін, қиял-армандарын жеткізуге тырысқан. Ұйымдастырушылардың айтуынша, барлық шығармашылық жұмыстар қуаныш пен қайырымдылыққа толы. Сол себепті шараның қорытындысын шығару оңайға соқпағанын жеткізді.

Нәтижесінде келіп түскен жұмыстарды саралай келе, конкурстық комиссияның шешімімен жүлделі орындар мен номинация иегерлерінің есімдері белгілі болды.

1-4 сыныптар бойынша:

1-орын  – Әкімғали Ибрагим Шыңғырлау ауданы;

2-орын – Нұртілекқызы Жансая Орал қаласы;

3-орын – Бауржан Амир Орал қаласы.

5-8 сыныптар бойынша:

1-орын – Сабыр Аружан Орал қаласы;

2-орын – Бисенов Арыстан Теректі ауданы;

3-орын – Есен Ғабит Шыңғырлау ауданы.

9-11 сыныптар бойынша:

1-орын – Сарбаева Гаухар Орал қаласы.

Бұлардан бөлек «Отан қорғаушысы» аталымына ұсынылған теректілік Дмитрий Чесноковтың «Өрт періштесі» атты жұмысы ұйымдастырушыларды бей-жай қалдырмапты. Сондай-ақ бөрлілік Жасұлан Ермағамбетовтың «Самое пекло» атты фантастикалық және өте ерекше суреті «Түпнұсқалығы үшін» аталымына ұсынылыпты.

Байқау комиссиясы барлық қатысушыларға белсенділіктері мен шығармашылықтары, әр суреттегі ғажайып әлемі үшін алғыс білдіреді. Әсіресе, ең жас қатысушылар – балабақша тәрбиеленушілеріне ризашылықтары шексіз. «Жалпы байқау жарияланған уақыттан бастап бізге 150-ге жуық жұмыс жіберілді. Алайда олардың ішінде байқау ережесі мен талаптарына сәйкес келмейтін суреттер болды. Соңғы іріктеу кезеңінде 94 жұмыстың ішінен жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтадық» деп мәлімдейді БҚО ТЖД баспасөз қызметі.

Барлығының электронды пошталарына дипломдар жіберілген. Ал карантиннен кейін жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталатын болады.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *