Соғыс уақытындағы аэродромның орнына салынған білім ордасы

Барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінде «Отан үшін от кешкен батырдың біз ұрпағымыз!» мерейтойлық марафоны  өтуде.

Зияткер оқушылар, мұғалімдер және ата-аналар өз отбасыларының тарихын баяндайтын осы марафон аясында мен де туған қалам – Оралдың соғыс жылдарындағы тарихымен бөліскім келеді.

Қазақстанда соғыс өртінің шарпуы тимеген бірде-бір қала немесе ауыл жоқ шығар. Оның ішінде Орал облысы – Сталинград  майданының ең жақын тылына айналды. Соғыс жылдарында көптеген әскери нысандар Орал қаласына көшірілді. Олардың қатарында К.Е.Ворошилов атындағы училище, Ленинград әскери байланыс мектебі, 22-ші авиамамандар мектебі сынды көптеген әскери бөлімдер болды.

Орал қаласында соғыс жылдарында Хан тоғайы аймағында, Подстепное ауылында және қалада үш аэродром болған. Біздің мектеп ескі қалалық аэродром орнында бой көтерген.  Ұшқыштарды даярлайтын бірнеше мектеп, алғашқы дайындықты ұйымдастырған аэроклуб жұмыс істеді. Аэроклуб 1500-ден астам ұшқышты дайындап шығарды, олардың ішінде Константин Яковлевич Малин Кеңес Одағының Батыры атағын алса, Леонид Игнатьевич Беда екі мәрте Батыр атанды. Бұнда 9-сынып оқып жүрген кезінде Хиуаз Доспанова келді. Екі-ақ жылдан соң оның қолында үздік аттестат және ұшқыш атағы болды. Доспанова –жауынгерлік тапсырмалар бойынша штурман ретінде ұшқан жалғыз қазақстандық қыз.

1941 жылдың қазанында Ворошиловград (қазіргі Луганск) қаласындағы ұшқыштар мектебі Орал қаласына көшірілді.  Ұлы Отан соғысы майданының шешуші кезеңінде мектеп әскери-әуе күштері үшін 1943 жылы 550  ұшқыш-шабуылдаушы дайындаса, 1944 жылы бұл сан 1000-ға жетті. Ұшқыштар мектебінің түлектері қатарында 11 екі мәрте Кеңес Одағының батыры бар.

Қаламыздың әр бұрышында соғыс тарихының ізі жатыр. Біздің мектеп үш аэродромның біреуі  жұмыс істеген жерде салынған. Күн сайын біз батыр ұшқыштар  алғашқы қадамдарын жасаған жерлермен жүреміз. Осы арқылы сұм соғыстың тарихына жақындай түсеміз. Болашақ өткенді танудан басталатыны анық. Ұлы Отан соғысының батырларына мың тағзым!

Сабыр ИРГАЛИЕВ,

Оралдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің тарих пәнінің мұғалімі

 

 

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *