Ұлы Отан соғысының ардагері Шүкір Мұхтаров – облысымыздағы Азаматтық қорғаныс штабының алғашқы басшысы ретінде үлкен жұмыстар атқарған тұлға.
1922 жылы 27 қыркүйекте Тайпақ ауданы Базартөбе ауылында дүниеге келген Шүкір Мұхтаров Алматыдағы №12 орта мектептің 10-сыныбын бітіріп, 1941 жылдың желтоқсан айында Кеңес әскерінің қатарына шақырылады. Қызметін Орта Азия әскери округі мен Батыс майданының 100-ші атқыштар бригадасының 100-ші жеке байланыс батальонының байланыс бөлімшесінің командирі лауазымынан бастаған. Атқыштар бригадасы «Марс» операциясына, Великолук және Невель операцияларына қатысқан Калинин майданының 3-соққы армиясының құрамына кірді. Әскери іс-қимылдар кезінде атқыштар бригадасының құрамында Шүкір Омарұлы 28-танк бригадасының КВ танктің механик-жүргізушісі болды.
Орал әскери округінің Челябен танкотехникалық училищесінде оқып жүріп, Шүкір Омарұлы Карел майданының 338-ші гвардиялық ауыр артиллериялық полкінде ИСУ-152 аға механик-жүргізуші қызметін жалғастырады. 338-ші гвардиялық ауыр өздігінен жүретін-артиллериялық полкінің құрамында Кенигсбергті алуға қатысқан. Шығыс Прусс операциясына қатысып, полк Кенигсберг пен Пиллауға шабуыл жасады. Шүкір Омарұлы Ұлы Жеңісті 2-гвардиялық армия 3-ші Беларусь майданының полкінде лейтенант атағымен қарсы алды.
Соғыс аяқталған соң Ш.Мұхтаров Кеңес Армиясы қатарында қызметін жалғастырады. Жауынгерлік жетістіктері үшін «Қызыл Жұлдыз» және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Кенигсбергті алғаны үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медалдерімен, басқа да наградалармен марапатталған.
Соғыстан кейінгі уақыттың күрделі жағдайларында және бейбіт уақыттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін халықты қорғауды қамтамасыз ету және азаматтық қорғаныс күштерін тарту үшін жаппай қырып-жою қаруын қолдана отырып, үшінші дүниежүзілік соғыстың туындауының нақты қаупінде Ұлы Отан соғысы кезінде қатал сынаудан өткен Азаматтық қорғаныс жүйесі (жергілікті әуе шабуылына қарсы қорғаныс) дами бастады. Дәл сол кезде жедел жоспарлар әзірленіп, қолданысқа енгізілді, баспаналар мен паналардың жаппай құрылысы өрістетілді, халықты хабардар ету жүйесі жетілдірілді.
1961 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің жарлығымен Азаматтық қорғаныс жүйесі ұйымдастырылды. Бұл қайта құру тұрғындарды, халық шаруашылығы объектілері мен салаларын жаппай қырып-жою қаруынан кешенді қорғауды қамтамасыз етуге, оның ықпалының салдарын жоюға бағытталған жалпы мемлекеттік қорғаныс іс-шараларын ұйымдастыру мен жүзеге асырудың басталуын атап өтті. КСРО Министрлер кеңесі Азаматтық қорғаныс туралы ережені қабылдады. 1962 жылы Батыс Қазақстан облысында құрылған Азаматтық қорғаныс штабының бірінші басшысы болып Ұлы Отан соғысына қатысушы, полковник Шүкір Омарұлы тағайындалды.
Штаб басшылығы кезінде ол 1975 жылға дейін кадрларды іріктеу бойынша үлкен жұмыс атқарып, нәтижесі практикалық іс-шараларды өткізу сапасына әсер етті. Оның басшылығымен көптеген жаттығулар және практикалық сабақтар өткізілді. Барлық көрсеткіштер бойынша облыстың Азаматтық қорғаныс штабы республикадағы жетекші орындардың біріне ие болды. Осы уақытқа дейін Азаматтық қорғаныс курстары орналасқан ДОСААФ 1965 жылы оларды облыстық Азаматтық қорғаныс штабының қарамағына береді. Басқару органдарын дайындауға көп көңіл бөлінді.
1968 жылы облыс республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына қатысып, онда эвакомер-шараларды өткізу мәселелері пысықталады. Орал қаласында барлық жинау эвакуациялық қабылдау пункттері ашылып, облыстық, қалалық және аудандық эвакокомиссиялар жұмыс істеді. Халықтың бір бөлігін Оралдан қала сыртындағы аймаққа практикалық әкету жүргізілді. Республикалық Азаматтық қорғаныс штабының өкілдері облыстық эвакокомиссия төрағасының жақсы жұмысын атап өтті. Азаматтық қорғаныс облыстық штабы қызметкерлерінің тобы Қостанай облысына тәжірибе алмасу, осындай оқу-жаттығуларды дайындау және өткізу үшін жіберілді.
1975 жылы Шүкір Омарұлы құрметті еңбек демалысына шығып, облыстық байланыс басқармасында жұмысын жалғастырды. Бұдан әрі абзал азамат балалары мен немерелеріне көп уақыт бөле бастады.
Анар Бисенова,
Батыс Қазақстан облысы ТЖД-нің
кадр саясаты бөлімінің қызметкері