Тоғызқұмалақтан онлайн жарыс

Төтенше жағдай кезінде талапты шәкірттер уақытты бос өткізбей, қашықтан түрлі сайыстарға қатысуда. Солардың бірі – 20-29 сәуір күндері облысымызда алғаш рет ұйымдастырылған тоғызқұмалақтан онлайн турнир.

Спорттық шараны БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық білім басқармасы бірлесе ұйымдастырған. Бас төреші, жоғары дәрежелі ұлттық төреші Дәулет Әбдікәрімовтің мәліметінше, онлайн түріндегі қазақтың дәстүрлі ұлттық ойынына Орал қаласы мен аудандардан 32 ұл мен 32 қыз бала, барлығы 64 спортшы қатысып, бақтарын сынаған.

– Бір ғана Бөкей ордасы ауданының спортшылары ғана белгісіз себептермен қатыса алмады. Қашықтан ұйымдастырылған жарыс өте тартысты да қызықты өтті. Интернет алаңында iggamecenter.com бағдарламасы арқылы олимпиадалық жүйемен өткізілген турнир нәтижесінде жеңімпаздардың есімдері белгілі болды, – деді Дәулет Ұзақбайұлы. Айтуынша, тоғызқұмалақтан мұндай онлайн жарыс өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылғанымен, қалалық, республикалық, халықаралық деңгейлерде өткізілуде.

Тоғызқұмалақшы ұлдар мен қыздар арасынан шебер ойыншылар анықталып, жеңімпаздар мен олардың жаттықтырушылары тағы бір биікті бағындырды. Бұл жолы спортшылар бір-бірімен жүзбе-жүз ойнамаса да, бақтары мен баптарын барынша сынағандары сөзсіз.

Бірнеше күнге созылған онлайн турнирдің жеңімпаздары:

Ұлдар арасында:

1 орын – Нұргазин Әбілмансұр (Бәйтерек ауданы).

2 орын – Есімбек Әсетхан (Тасқала ауданы).

3 орын – Нұрғазин Бейбарыс( Орал қаласы, №2 БЖСМ).

3 орын – Джумагулов Айдын (Бөрлі  ауданы).

Қыздар арасында:

1 орын – Нұргазина Айшабибі (Бәйтерек ауданы).

2 орын – Сайфеденова Камила (Жәнібек ауданы).

3 орын – Мұғал Назерке (Орал қаласы, «Санжар» мектебі).

3 орын – Шынболат Айзат (Бөрлі ауданы).

Ләззат ҚАЖЫМОВА

 

 

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *