Орал қаласында облыс аумағында жарияланған карантиндік режім талаптарына бағынуға құлықсыз адамдар да табылуда. Әсіресе, тәуліктік жалдамалы пәтер иелері өз «бизнестерін» тоқтатар емес. Бұл туралы қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Белгілі болғанындай, Орал қаласында жалпы 1454 тәуліктік пәтер бар екен. Осы жылдың 14 сәуірі күні ұрлық фактілері тіркелген сондай бірнеше тәуліктік пәтерлердің иелері ұсталған. Төтенше жағдай кезінде тәртіп бұзған екі тәуліктік пәтер иесін тәртіп сақшылары анықтаған. Оларға ҚР Әкімшілік Құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, полиция басқармасындағы арнайы қабылдау орынына қамалған. Жалдамалы пәтерге кіріп, ойына келгендерін жасап, ұрлыққа жол берген күдіктілер де полиция қызметкерлерінің құрығына ілінген.
Нақтырақ айтсақ, сәуірдің 9-ынан 10-ына қараған түні 1992 жылғы Е. есімді белгісіз тұлға қаланың «Жеңіс» шағынауданындағы тәуліктік пәтерді жалға алып, «Самсунг» маркалы телевизорды ұрлап кеткен. Пәтер иесіне 500 мың теңге материалдық залал келген. Ол мұнымен шектелмей 8-10 сәуір аралығында Гагарин көшесіндегі сондай пәтердлердің бірінде болып, тағы бір теледидарды емін-еркін алып оқиға орнынан тайып тұрған. Бұл пәтердің иесі 250 мың теңге шығынға батқан. Теледидар ұрлауға құмар күдіктінің үш рет ұрлық жасағаны анықталып, ҚР ҚК-нің 188- бабының 1-бөліміне сай қылмыстық іс қозғалған. Ол Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабымен уақытша ұстау изоляторына тоғытылған.
Ал 5-9 сәуір аралығында белгісіз біреу С.Тюленин көшесіндегі жалдамалы пәтерлердің бірінен «Хайер» маркалы теледидарды қолды қылып, оқиға орнынан бой тасалаған. Полицияға шағымданған пәтер қожайынына 90 мың теңге шығын келген. Көп кешікпей ЖПҚб инспекторлары мен КПб жедел уәкілдері 1993 жылғы Т. есімді күдіктіні ұстаған.
«Бүгінгі күні төтенше жағдай кезінде шектеулер мен талаптарға салғырттықпен қараған тәуліктік пәтер иелері де, ұрлықшы күдіктілер де анықталды. Қай-қайсысы да заң алдында жауапталады» делінген баспасөз мәлімдемесінде. Сонымен қатар полиция қызметкерлері қала ішіндегі уақытша жалға берілетін пәтер иелерінің карантин кезіндегі шектеулерді қатаң сақтап, барлық талаптарды орындауларын сұрайды.
Өз тілшіміз