Бүгін жергілікті Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәжілісінде облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев өңірде екі бірдей коронавирус жұқпасы тіркелгенін хабарлады.
Белгілі болғанындай, кеше РФ-ның Самара облысымен шекарадағы «Сырым» автобекетінде эпидемиолог мамандар транзиттік көліктердің жүргізушілеріне сауалнама жүргізу барысында екі өзбекстандық азаматтан коронавирус дертінің белгілерін анықтап, дереу жедел жәрдем қызметін шақырған. Облыстың бас санитариялық дәрігері Мұхамғали Қайыржанұлы дертті жұқтырғандар жүк тасымалымен айналысатын 25 және 27 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматтары екенін мәлімдеді.
– Бұл жағдай ағымдағы жылдың 9 сәуірінде РФ-ның Самара облысымен шекарасындағы «Сырым» автобекетіндегі санитарлық-карантиндік постта анықталды. Эпидемиологтар аталған транзиттік көлік жүргізушілеріне сауалнама жүргізу кезінде олардың бірінде дене қызуы көтеріліп тұрғанын анықтаған. Одан әрі қолданылатын іс-шаралар алгоритміне сәйкес азаматтар изоляторға дереу оқшауланып, жедел жәрдем қызметі шақырылған. Ал екінші азаматта аурудың ешқандай клиникалық белгілері байқалмаған. Бекетке шақырылған жедел жәрдем қызметінің көмегімен олар «Кумыска» ауылындағы провизорлық стационарға жеткізілді. Сол жерде зертханалық сынамалар алынып, екі жүргізушіден де жұқпалы дерт анықталған. Осыдан кейін екеуі де бірден облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеке бөлмелерге жатқызылды, – деді департамент басшысы.
Негізінен науқастар отырған көлікте үш өзбекстандық азамат болған.
Үшіншісінен коронавиус ауруын анықтау бойынша алынған лабораториялық зерттеу теріс нәтиже берген. Алайда ол қосымша медициналық тексерістер жүргізу үшін провизорлық стационарға жатқызылған. Оған қоса жұқпалы індетке шалдыққан екі науқаспен жақын қарым-қатынаста болған тағы бір адам анықталған. Одан да лабораториялық сынамалар алынып, теріс нәтиже көрсеткен. Ауру ошақтарында Ұлттық сараптама орталығы филиалының мамандарымен дезинфекциялық жұмыстар жүргізілген.
Еске сала кетсек, өңірімізде бұған дейін де коронавирус ауруын жұқтырған өзбекстандық екі азамат анықталған болатын. Күні бүгін облыстағы жұқпалы аурулар ауруханасында осы ауруға шалдыққан алты адам ем алуда. Ал карантиндік стационарға – 59, провизорлық стационарға 54 тұлға оқшауланып, медициналық бақылауға алынған. Облыс аумағына енгізілген күшейтілген карантиндік режім де өз күшінде.
– Полиция қызметкерлерінің көмегімен жүк тасымалдаушы көліктер облыс орталығына кіргізілмей, сыртқы жолға бағытталуда. Эпидемиологтардың міндеті – шекарадан өткен транзиттік жүргізушілердің дене қызуларын өлшеп, ауру белгілері байқалған жағдайда бірден оқшаулау, – деді Мұхамғали Арыспаев.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ