Бүгінде бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы әлі де толастар емес, жыл басынан бері 2087 қылмыс тіркелген. Бұл туралы БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өткен жылы 2595 қылмыс тіркелгенін ескерсек, бұл көрсеткіш биыл 19,6 пайызға төмендеген. Ал қылмыстың басым бөлігі ұрлық деректері бойынша анықталған. Бүгінде ұрлық істері қылмыстың 40,4 %-ын құрайды.
Мысалы, биылғы сәуір айының 2-сі күні белгісіз біреу қаладағы жер үйлердің бірінің ауласындағы шаруашылық сарайының қабырғасын бұзып, ішінен шелек, кәстрөл секілді тұрмыстық заттарды ұрлап кеткен. Үй иесі полиция қызметіне хабарласып, Орал қалалық ПБ Абай Пб қызметкерлері жүргізген іздеу шаралары барысында 1965 жылы туған оралдық тұрғынды қолға түсірді.
Ал наурыз айының аяғында белгісіз біреу Бөрлі ауданы Ақсай қаласында бір үйдің ауласына түсіп, 60 литрлік алюмин ыдысын қолды қылған екен. Жедел-іздестіру шаралары барысында ұрлық жасаған 1972 жылы туған Пугачев ауылының тұрғыны ұсталған. Тексеру кезінде оның мұндай қылмысқа бірнеше рет барғаны белгілі болған.
«Қазіргі уақытта бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысына барған тұлғаларға қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды» деп хабарлайды БҚО ПД баспасөз қызметі.
Өз тілшіміз