Ағымдағы жылдың 4 сәуірінде «Біз біргеміз» республикалық акциясы аясында БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы еріктілер қозғалысы орталығының ұйымдастыруымен «Қайырымдылық керуені» акциясының үшінші кезеңі өткізілді.
Шара аясында «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, волонтерлік қозғалыстар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері тұрмысы төмен отыз отбасыға көмек көрсетті.
– Бүгін біз аз қамтылған жанұяларға көмек көрсеттік, оларға бірінші кезекте қажетті азық-түлік пакеттері, антисептикалық құралдар, дәрі-дәрмектер және медициналық бетперделер тараттық. Бұл игі бастамалар өз жалғасын табады, – деді облыстық Ассамблея жанындағы «Еріктілер қозғалысы» орталығының жетекшісі Ильяр Муталипов.
– Ассамблеяның іс-шаралары осы көктемде қайырымдылықтан басталғаны өте қуанышты. Бұл 2015 жылдан бергі негізгі бағыттарының бірі. Еліміз бойынша бес жылдан астам уақыт бойы «Қайырымдылық керуені» акциясы ұйымдастырылуда. Бүгінде біздің қоғамда мұқтаждарға көмектесуге дайын адамдар көп. Бұл акция азаматтарды іс-әрекетке, яғни сөзден іске көшуге үндейді, – деді «Достық» клубының өкілі Талғат Чудобаев. «Uralsk Runners» жүгіру әуесқойлар клубының өкілі, БҚО «Жаңғыру жолы» қозғалысы басшысының орынбасары Әсел Мырзахметованың ойынша, өмірде әр адам қиын жағдайға тап болуы мүмкін. Сол себепті көмектесуге мүмкіндігі бар жандар аянып қалмауы тиіс. Осы ретте Алмат Есентаева, Арон Нұрхат, Тимур Қадырғалиев сынды кәсіпкерлер мен меценаттардың игі істерін атап өтті.
Салтанатты старттан кейін акцияға қатысушылар он бес автокөлікпен бірінші кезекте қажетті азық-түлік пакеттерін тапсыру үшін белгіленген мекенжайларға аттанды.
Рафхат ХАЛЕЛОВ