Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісіне қатысқан облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрхат Ораш осылай деді.
– Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері медицина, полиция және өзге де құрылымдық мекемелермен бірге волонтерлер де үлкен жұмыс атқаруда. Қазіргі уақытта еріктілер қатарындағы 290 адам тұрғылықты жерлері бойынша жиырма волонтерлік штабқа бөлінді. Сәйкесінше, барлығы да қауіпсіздік үшін бетперделермен, қолғаптармен қамтылды. Карантин кезінде олар өтініш білдірген тұрғындарға жәрдемдесіп, азық-түлік, дәрі-дәрмек, басқа да қажетті заттарын жеткізіп береді, – деді басқарма өкілі. Айтуынша, еріктілердің көмегі қажет болған жағдайда азаматтар 87051430606 нөміріне немесе volunteer07.kz сайтына жаза алады.
Ағымдағы жылдың 16 наурызы мен 3 сәуірі аралығында батысқазақстандық волонтерлер қала бойынша – 634, облыс бойынша 1300-ден астам көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты қариялар мен І, ІІ топ мүгедектеріне азық-түлік себеттерін жеткізген. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда. Сонымен қатар еріктілер 15 мың бетперде тігіп, тұрғындарға таратқан. Елдегі жағдайға байланысты жерлестеріне қолұшын созуға дайын жомарт жандар аз емес. Солардың қатарындағы еріктілерге демеушілік көрсеткен Ләззат Рысбекова мен мұқтаж адамдарға 20 тонна картоп алып берген Аркадий Рубцов сынды жергілікті депутаттардың игілікті ісін атап өтті. Мұндай қайырымдылықтан шағын және орта бизнес өкілдері де қалыс қалмағанын айтты.
– Карантин кезінде волонтерлардың үздіксіз жүріп-тұруы үшін оларға біздің басқармадан арнайы анықтамалар берілді, – деді Нұрхат Серікқалиұлы.
Ләззат ҚАЖЫМОВА