100 адам – дәрігерлердің бақылауында

Бүгінгі күні коронавирус індетін жұқтырған екі науқас жұқпалы аурулар ауруханасында ем алуда. Ал 98 адам провизорлық және карантиндік стацонарларға оқшауланған.

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңындағы кезекті брифингке қатысқан БҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев мәлімдеді.  

– Ағымдағы жылғы 3 сәуірдегі жағдай бойынша облыс аумағында эпидемиологиялық жағдай салыстырмалы түрде тұрақты, коронавирустық жұқпа бойынша жаңа оқиға тіркелген жоқ. Өздеріңізге белгілі, 2020 жылғы 29 наурызда облысымызда коронавирустық инфекциясының (COVID-19) екі жағдайы тіркелген болатын. Екі пациент те облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында қажетті емдерін алуда. Қазіргі уақытта екі пациенттің де жағдайы қанағаттанарлық, – деді департамент өкілі.

Белгілі болғанындай, бүгінгі күні аймақта барлығы 100 адам стационарларға орналастырылған. Жұқпалы аурулар ауруханасында – екі адам, «Кумыска» елді мекеніндегі провизорлық стацонарда – 57, Бәйтерек ауданында ЖРВИ белгілері бар – 13, ал облыстың карантиндік стационарына науқастармен қарым-қатынаста болған 28 адам жатқызылған.

Өз баяндамасында Нұрлыбек Ермекұлы шет мемлекеттерде және елімізде  коронавирустық жұқпаның тіркелу оқиғасы көбею үстінде екенін ескертіп, тұрғындарды карантиндік режім талаптарын сақтауға шақырды.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *