Өңірімізде коронавирус індетін жұқтырған екі науқас анықталғаны белгілі. Бұған дейін Бөрлі аудандық әкімдігінің интернет-ресурсында осы жылдың 24 наурызында РФ-нан Орал қаласы арқылы Ақсайға «Ford Transit» маркалы автокөлігімен барған бір емделушімен байланыста болғандар іздестіріліп жатқаны туралы жарияланған еді.
Батыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті эпидемиологиялық зерттеулер барысында аталған автокөліктің жүргізушісі мен үш жолаушысы анықталып, олардан коронавирусқа байланысты алынған сынамалар теріс нәтиже бергенін хабарлады.
Күні бүгін сол автокөлікте болған жолаушылардың бәрі бірдей анықталмай отыр. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті аймақтағы санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты тұрақты қамтамасыз ету үшін 24 наурыз күні сағат 18.00-ден 22.00-ге дейінгі уақыт аралығында Орал-Ақсай маршрутымен жолға шыққан өңір тұрғындарының тез арада «103» нөміріне, сондай-ақ аталмыш департаментке (8(7112) 51-27-66) және департаменттің Бөрлі аудандық басқармасына (8(7113) 32-05-71) хабарласуын өтінеді.
Әрқайсысымыз өз денсаулығымыз үшін жауапты екенімізді ұмытпайық.
Өз тілшіміз