Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы баспасөз мәжілісінде қала әкімі Абат Шыныбеков мәлімдеді.
31 наурызда облыс аумағында енгізілген карантиндік режімнің алғашқы екі күнінде мекеме-ұйымдарға жұмыс жасауға рұқсат алуға, өз қызметкерлерін қажетті анықтамамен қамтамасыз етуге уақыт берілген болатын. Ал бүгіннен бастап карантиндік режим күшейтілді. Осыған орай жергілікті билік өкілдері де уақытпен санаспай қызмет атқаруда.
– Бүгінгі таңда облыс орталығында енгізілген шектеулерге байланысты Орал қаласында жедел штаб құрылып, жұмысқа кірісті. Тәулік бойына жұмыс жасайтын штабқа екі күннің ішінде Call-орталық (87000109109) пен «I-komek» (109) желісі арқылы 5000-ға жуық мекеме хабарласты. Дейтұғанмен, тұрғындар тарапынан сауалдар көптеп туындап, хабарласушылар қатары көп болғандықтан, жедел штабтың ауқымын кеңейтудеміз. Қосымша мамандармен қамтылады. Бүгінге дейін қалалық жедел штабқа қызметін жалғастыру жөнінде 632 мекемеден түскен ұсыныстың 427-сі қанағаттандырылды. 205 мекемеге жұмыс жасауға рұқсат берілмеді. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасады, – деді шаһар басшысы. Сонымен қатар қала аумағында жасақталған тоғыз блок-бекеттің жұмыс тәртібі мен жадынамасы бекітілген.
Өз баяндамасында Абат Абайұлы облыстың бас санитариялық дәрігерінің Қаулысына сәйкес қолға алынған іс-шараларды атап өтті.
Ләззат ҚАЖЫМОВА