Өңірлік коммуникациялар қызметінің бүгінгі баспасөз мәжілісіне қатысқан БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті өкілі Нұрлыбек Мустаев тұрғындарды карантиндік режім қағидаларын орындауға шақырды.
– Облыс аумағында жарияланған карантиндік режім кезінде қажеттілік болмаса, көшеге шықпай, отбасыларыңыздың жанында үйде болуларыңызды сұраймыз. Мұндай жағдайда қатаң түрде жеке бас гигиенасы талаптарын сақтаған жөн. Біз өз кезегімізде күнделікті осы індетке қарсы күшейтілген режімде қызмет атқарудамыз, – деді департамент басшысының орынбасары Нұрлыбек Ермекұлы.
Сонымен қатар облысымыздағы коронавирус инфекциясын жұқтырған екі науқастың жағдайы бірқалыпты екенін мәлімдеді. Олар қажетті ем-шараларын алуда. Күні бүгінгі көрсеткіш бойынша 90 азамат провизорлық және карантиндік стационарларда медициналық бақылауға алынған.
«Тіркелген екі науқаспен қарым-қатынаста болғандықтан оқшауланған адамдардың да жағдайы бірқалыпты, күнделікті медициналық бақылау жүргізілуде» деді департамент өкілі.
Ләззат ҚАЖЫМОВА