Коронавирус жұқтырған науқастардың жағдайы қалыпты

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен «БҚО-дағы эпидемиологиялық жағдай және карантиндік режім» тақырыбындағы баспасөз мәжілісінде БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев айтып өтті.

         – Облысымыздағы коронавирус инфекциясын жұқтырған екі науқас жұқпалы аурулар ауруханасында қажетті ем шараларын қабылдауда. Жағдайлары қалыпты. Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдардың провизорлық стационарға оқшауланғанын айтқан едік. Олардан коронавирус жұқпасына байланысты алынған сынамалар теріс нәтиже көрсетті. Бүгінгі таңда облысымыз бойынша жұқпалы аурулар ауруханасынан басқа провизорлық стационарда 53 адам, карантиндік стационарда 38 азамат оқшауланды. Барлығына медициналық бақылау жүргізілуде, – деді Нұрлыбек Ермекұлы.

Департамент өкілі облыстың бас санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес карантиндік режім кезінде жұмысы тоқтатылатын мекеме-ұйымдар тізімі жарияланғанын атап өтті.

Белгілі болғанындай, осы кезеңде азық-түлік дүкендері сағат 09.00 мен 21.00 аралығында жұмыс жасайды. Үйге жеткізу қызметі көрсетілмейтін дәмхана, кафе, мейрамханалар да уақытша жұмысын тоқтатады.

Ләззат ҚАЖЫМОВА  

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *