Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен «БҚО-дағы эпидемиологиялық жағдай және карантиндік режім» тақырыбындағы баспасөз мәжілісінде Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов мәлімдеді.
31 наурыздан бастап Орал қаласы және БҚО облысы бойынша коронавирус пандемиясына сәйкес карантин жарияланғанын еске салған Бақытжан Хаберұлы: – Соған сәйкес қала аумағында сегіз блок-бекет қойылған болатын. Бүгінгі таңда қосымша тағы бір блок-бекет орналастыру мәселесі қаралуда. Ол жерлерде жергілікті полиция қызметкерлері, санитар-эпидемиологтар, жергілікті атқарушы органның жауапты мамандары жұмыс жасауда. Қазір жағдай тұрақты. Облыс басшылығының ұйғарымымен алғашқы екі күн тұрғындар өздерінің тұрғылықты жерлеріне жетіп алу үшін, жұмыс орындарынан анықтама алып үлгеру үшін ескерту жұмыстары жүргізіледі. Бұрын-соңды елімізде мұндай жағдай болмағандықтан, осындай шаралар қолға алынуда. Одан әрі карантиндік режім кезінде блок-бекеттер толықтай жабылады, – деді.
Қала әкімінің орынбасары карантиндік режім кезінде блок-бекеттерден кімдер өте алатынын ескертті. Атап айтсақ:
- Жақын елді мекендерден немесе аудандық жерлерден облыс орталығына қатынап жұмыс жасайтын азаматтар арнайы анықтамасы болған жағдайда;
- Шұғыл медициналық көмекті қажет ететін адамдар;
- Бау-бақша серіктестіктеріне баратын оралдықтар сәрсенбі, сенбі күндері ғана өте алады.
Тұрғындар карантиндік режімге байланысты қосымша сұрақтарымен «109» (облыс бойынша), 8700-0-109-109 (ватсап желісі), 50-02-55 (Орал қаласы бойынша) Coll-орталықтарына хабарласа алады.
Еске сала кетсек, наурыздың 30-ынан 31-іне қараған түні облыс тұрғындарының өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету және коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында күшейтілген карантиндік режім енгізілді. Осыған орай облыстың бас санитарлық дәрігерлерінің қаулысы жарияланып, сақтық шаралары күшейтілді.
Ләззат ҚАЖЫМОВА