Оралдағы Халыққа қызмет көрсету орталықтары еліміздегі төтенше жағдайға байланысты электронды форматта жұмыс жасауда.
Бұл туралы аталмыш орталықтың кеңсе меңгерушісі Жанна Батырғалиева мәлімдеді.
— Халыққа қызмет көрсету орталығына келушілерге де қызмет көрсетіледі. Алайда адамдарды бір жерге шоғырландырмау мақсатында қала бойынша азаматтардың өз-өзіне қызмет көрсетуіне арналған 20 орын белгіленді. Ол жерде қызмет онлайн режімінде көрсетіледі. Ал орталық ғимаратына, ондағы әр үстелге әрбір қызмет алушыдан кейін санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіледі, — дейді Жанна Сатыбалдықызы.
Халыққа қызмет көрсету орталығында бір мезетте 60 оператор қабылдау жүргізеді. Азаматтардың өз-өзіне қызмет көрсетуіне арналған орындар да электронды сандық қолтаңба бойынша мемлекеттік қызмет алуға арналған техникалық құрылғылармен жабдықталған.
Осындай сын сағатта көпшілікке ыңғайлы қызмет түрін көрсетуге ХҚКО мамандары бар күш-жігерлерін жұмсауда. Басты мақсатымыз — азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау дейді орталық басшылығы.
Өз тілшіміз