Елімізде тағы бес адамның коронавирус жұқтырғаны туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді деп хабарлайды ҚазАқпарат сайты.
Құзырлық министрліктің мәліметінше, Қазақстанда жұқпалы індетті жұқтыру бойынша тіркелгендер саны 49 адамға жеткен. Оның 22-сі – Алматыда, 25-і – Нұр-Сұлтанда, ал екеуі – Қарағандыда.
Елімізде азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында алдағы 15 сәуірге дейін төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Ал Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында COVID-19 таралуының күрделі жағдайлары ескеріліп, карантин режимі енгізілді.
Елдегі осы жағдай халықты абыр-сабыр күйге түсірді. Осы ретте құзырлы органдар адамдарды әлеуметтік желі арқылы таралатын жалған ақпараттарға сенбеуге шақырды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәлім еткендей, тіркелген жағдайлар туралы нақты ақпаратты «1406» нөміріне қоңырау шалып білуге болады.
Өз тілшіміз