Мемлекет басшысы жариялаған Еріктілер жылы мен «Nur Otan» партиясының «Бақытты жобасы» аясында «Шаңырақ» жасөспірімдер үйіндегі нәзік жандарды халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтай барған Орал қаласының әкімі, «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының төрағасы Абат Шыныбеков жатақхана тұрғындарына «нұротандықтардың» қолдауы мұнымен шектелмейтінін жеткізді.
– Жуырда «Nur Otan» партиясының бастамасымен осы жасөспірімдер үйінің әлеуметтік жағдайы зерттелді. Жатақхана тұрғындарының әлеуметтік жағдайы – басты назарымызда. Біздің партиямыздың басты басымдығы да – осы. Бүгінгі мақсатымыз – мереке қарсаңында қыз-келіншектер мен балаларға жақсы көңіл күй сыйлау, – деген қала басшысы Абат Абайұлы аналар мен қыздарды төл мерекелерімен құттықтады.
Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясының атынан мереке иелеріне тарту жасалса, кішкентайларға кітап пен тәтті балмұздақ үлестірілді.
«Шаңырақтағы» жас отбасылардың бірі Олег пен Бақытгүл қала әкімінің бұл келісін жақсы ырымға балап, Омар есімді бөбектерінің тұсауын кестірді.
Абат Абайұлының айтуынша, халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын «Шаңырақ» тұрғындарына көрсетілетін қайырымды істер өз жалғасын табады. Жетім және ата-ана қамқорлығынан ерте айырылған «Шаңырақ» тұрғындарына қолұшын созумен қатар оларды әлеуметтендіру, өмірге бейімдеу, заң талаптарына сәйкес мемлекеттік бағдарламалар аясындағы мүмкіндіктерін жетілдіру мақсаты көзделген. Тағы бір жағымды жаңалық – «нұротандықтардың» қолдауымен биыл «Шаңырақ» үйінің кішкентай тұрғындарына ойын алаңын жасақтап беру, жатақхана ауласын абаттандыру жоспарлануда.
Тұрғындар қала әкіміне әлеуметтік мәселелер бойынша сауалдарын қойып, біраз жайтқа қанықты. Жасөспірімдер үйінің директоры Өмірбай Қалымбетовтің айтуынша, мұнда балалар үйінің 112 түлегі қоныстанса, кішкентай тұрғындар саны – 84. Тұрғындарға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған.
Осы әлеуметтік үй-жайда бес жылдан бері тұрып жатқан Айдана Тәжиева: – Үш баламызбен отбасылық бөлмеде тұрамыз. Жеке баспана жайына келсек, жолдасым үйдің кезегінде 2010 жылдан бері тіркеуде тұр. Бүгін бізге осындай қуаныш сыйлаған азаматтарға алғыс айтамыз. Сонымен бірге кейбір сауалдарымызға жауап алдық, – деді.
Ләззат ҚАЖЫМОВА