Бүгін қаламызда «Әлем сұлу әйелмен» атты қалалық жас келіндер байқауы өз мәресіне жетті.
Байқау қаламыздағы қазақтың салт-дәстүрі мен тарихын дәріптеп, білімі мен өнері үйлесім тапқан келіндерді анықтап, оларды елге таныстыруды мақсат етті. Байқау алғашқы рет қалалық деңгейде ұйымдастырылып отыр.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен Жастар мәдениет үйі ұйымдастырған шараға жиырма үміткер қатысты. Олардың шаңырақтарына келін боп түскендеріне жарты жыл уақыт аралағынан он жылға жуық уақыт өткен.
Аяулы аналар мен ару қыздарды мерекемен құттықтаған Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев:
Қазақ әйелі — бағзыдан дала мен елді қорғаған, тек ошақ басы емес бүкіл өмірін ұрпағына арнаған. Олардың қоғамдағы орны ерекше. Өйткені отбасының құты болған нәзік жандылар ғана, Отанға адал қызмет етеді деп білемін, — деді.
Жарыстың алғашқы кезеңі келіндер бір минутта сиыр сауу мен тиянақты жайма жаюдан сынға түсті. Жарыстың бірінші кезеңінде сиыр сауудан Мейрамгүл Аманғалиева үздік нәтиже көрсетсе, әдемі әрі ұқыпты жайма жайған Жадыра Айнабаева қазылар көңілінен шықты.
Келесі күн қатысушылар бақтарын сахнада сынады. Екінші кезеңде қатысушылар өздерін таныстырып, бойға дарыған өнерлерін көрерменге паш етті. Қатысушылар арасынан Аяулы Хамидуллинаның қуыршақ театры, Назерке Тасименованың скрипкада ойнауы көпті таңғалдырды. Ал жарыстың интеллектуалды кезеңінде келіндердің кейбірі салт-дәстүрді жақсы меңгергенін байқатса, енді бірі ситуациялық сұрақтардан оңай жол тапты.
Сонымен қатар байқаудың «Кім жылдам» атты бөлімінде жас келіндер ұршық иіріп жарысты. Сайысты қорытындылаған бөлімде қазақы нақышта киінген келіндер дефилесі көрермен назарына ұсынылды.
Таным мен тәрбиені қатар ұстап, сахнада барын салған қаламыздың аяулы келіндері байқауда марапатсыз қалмады. Қазақтың әдет-ғұрпын насихаттаған Мөлдір Ихсанова мен Надира Тасименова жүлделі үшінші, ал өнерлерімен ерекшеленген Жадыра Айнабаева мен Мейрамгүл Аманғалиева екінші орынға ие болды. Жарыстың бас жүлдесін жан-жақтылығымен көзге түскен Молдағалиевтар әулетінің келіні Жазира Жақсыбаева жеңіп алды.
Кеш соңында байқау барысында қолдау көрсеткен Теректі ауданы, Подстепное ауылындағы Жұбановтар жанұясы мен «Орал-Сервис» технологиялық колледжі ұжымын Жастар мәдениет үйінің директоры Медет Мерғалиев алғыс хатпен марапаттады.
Халқымыздың салтын өнегемен жалғап, кешегі асылдардың артына ерген келіндер өнегесін үлгі етуді мақсат тұтқан байқау алда жалғасын таппақ.
Жарысқа қатысушы Фаина Владимировнаның Пангереевтер әулетіне келін болып түскеніне бес жыл уақыт өткен. Өзі неміс ұлтынан болса да, қазақ шаңырағының босағасын аттаған келін қазіргі таңда енесінен мол өнеге алып жатқанын айтады.
Бүгінгі байқауға қуана қатыстым. Бұл болашақ қыздарымызға керемет үлгі болатын секілді. Бір жағынан көп тәжірибе жинадым, — дейді.
Гүлзинат ҚИБАТОВА,
Виктор ПРЕДЫБАЙЛОНЫҢ суреттері