Тарихи шаһарымыз алдағы Ұлыстың ұлы күнін әдемі қалпында жасанып қарсылауы тиіс. Қаладағы бірқатар нысандарды аралаған облыс әкімі Ғали Есқалиев қала басшысы мен жауапты мекеме өкілдеріне осындай тапсырма берді.
Аптаның сәрсенбісіндегі өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы мен қала әкімі Абат Шыныбековтің қалаішілік сапары Н.Назарбаев даңғылынан басталды. Бас көшедегі лай балшыққа көмілген ғимараттардың бірі әкімнің сынына ілікті. Тарихи нысандардың сәулеті мен сәні келіскен жағдайда ғана тұрғындардан тазалықты талап етуге болады. Жалға берілген ғимарат қожайынымен кездесудің сәті түспегендіктен, облыс әкімі Ғ.Есқалиев тазалыққа жауапты мекеме өкілдерін мұндай көріністерге жол бермеуге шақырды.
Қаладағы Зашаған кентінде тұрғын үй құрылысы көптеп қолға алынуда. Құрылыс жұмыстары қарқын алған аймақтағы тазалықты бақылауда ұстау да – басты назарда. Аталған шағынаудандағы құрылыс нысанына арнайы барған облыс басшысы аймаққа кіріп-шығатын жүк көліктерінің дөңгелектерін жуатын алаңша жасақтауды міндеттеді. Құрылыс аймағынан шыққан көліктер көше жолдарын ластамауы және осы екі аралыққа арнайы уақытша жол салынуы тиіс деген тұжырым жасалды. Мердігерлер облыс және қала басшылығының мұндай талаптарына нұқсан келмегенін айтқанымен, тұрғындар тарапынан шағым болғанын жоққа шығармады.
Сонымен қатар А.Хұсайынов көшесінде таун хаус салып жатқан жеке кәсіпкердің тазалыққа салғырттығы да назарға ілікті. Жеке бизнес иелерінің кәсібін тексеруге мораторий жарияланғанымен, шаһардың келбетін бұзатын келеңсіздіктерге жол берілмеу керек. Осындай олқылықтарды болдырмауды облыстық құрылыс бақылау басқармасы маманына тапсырған өңір басшысы бейнебақылау камерасын қою арқылы да тәртіпсіздіктерді тізгіндеуге болатынын айтты.
Бүгінде оралдықтар «Омега» зауыты ауданындағы көпір құрылысының аяқталуын асыға күтіп жүр. Нысан құрылысын қолға алған бас мердігер «Ка-Строй ЛТД» ЖШС бұл жұмысты биылғы маусым айына дейін жедел түрде аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл туралы облыс әкіміне мердігер компания директорының орынбасары Төлеген Қарағойшин мен техникалық бақылау бойынша сарапшының көмекшісі Ілияс Бәтішев мәлімдеді. Тек ауа райы қолайсыздық танытпаса болғаны. Қаражат бөлінген, материал жеткілікті. Алдағы үш ай ішінде көпір жолына асфальт төселіп, жарықтандырылып, қоршаулар қойылады. Жобаға өзгерістер енгізілуіне байланысты көпірасты жолдарының құрылысы кейінге қалдырылмақ. Мердігерге қалған жұмыстарды сапалы түрде атқару міндеттелді.
Қаладағы түйткілді мәселелердің бірі – жолдардың сапасы. Сапар барысында қос әкім күрделі жөндеу жұмыстары тыңғылықты жүргізілмеген Ә.Молдағұлова көшесіндегі жолдың жай-күйін өз көздерімен көрді. Өткен жылдың күзінде тапсырылуға тиісті 2,6 шақырым жолдың сапасы талапқа сай болмағандықтан, сол күйі қабылданбай қалған. Жобасы қайта қаралған нысанның бүгінгі көрінісі тұрғындардың да наразылығын тудырған. Облыс басшысы бұған дейін де сыни пікірлерге көп іліккен мердігер компания – «Бірлік» ЖШС директоры Виссарион Цойға кемшіліктерді жоюды қатаң тапсырды.
Сапар соңында облыс әкімі Ғали Есқалиев шаһар тазалығына жауапты «Жайық таза қала» ЖШС-ның көше жолдарын жуып, сыпыратын жаңа техникаларын көрді. Түнгі ауысымда жолдарды тазалайтын қос мәшине көктемгі тазалық жұмыстарына кірісіп кетіпті. Коммуналдық мекеменің директоры Ринат Нұрғалиевтің мәліметінше, серіктестік қажетті жұмыс күшімен, техникамен қамтылған. Қала аумағында 26 бригада жұмыс жасайтынынан хабардар етті.
– Тұрғындар әлеуметтік желілерге, жеке парақшамызға қаланың тазалығына байланысты шағымданып, түрлі жазбалар қалдырады. Біз өз тарапымыздан кемшіліктерді жоюға күш саламыз. Бүгінгі басты міндет – Наурыз мейрамына дейін жасыл қаламыздың таза келбетін қалыптастыру. Бұл жұмыстарға тұрғындар да бей-жай қарамағаны жөн. Қала көркіне нұқсан келтіретін көріністерге куә болған жағдайда «109» арқылы «Ai komek» мобильді қосымшасына хабарлама қалдыруға болады. Сонымен қатар тарихи өлкенің архитектуралық кескіні де сақталады. Абаттандыру, жасылдандыру, жаңа технологиялық құрылғылармен қамту шаралары жүргізіледі, – деді Ғали Нәжімеденұлы журналистерге берген сұқбатында.
Қала әкімі Абат Абайұлының айтуынша, Оралда 5 наурыз-14 мамыр аралығына екі ай көлеміндегі жалпықалалық санитарлық сенбілік белгіленген. Айтуынша, тұрғындардан түсетін арыз-шағымдар да ескерусіз қалмайды. Коммуналдық қызметтің бірыңғай «109» нөміріне, қалалық әкімдіктің әлеуметтік желілеріне жіберілген фото-бейнежазбалар бірден жауапты мекеме мамандарына жолданады.
Ләззат ҚАЖЫМОВА