Бүгін Ақжайық ауданында мектеп оқушылары заманауи өрт сөндіру жабдықтарымен танысып, құтқарушылардың іс-әрекеттерімен танысты.
Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті Ақжайық ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері және №10 өрт сөндіру бөлімі, №6 жедел құтқару бөлімшесі мен күре жол медициналық құтқару пунктінің қызметкерлері «Азаматтық қорғаныс күні» қарсаңында азаматтық қорғаныс, өрт қауіпсіздігі білімін насихаттау, сондай-ақ құтқарушылар беделін арттыру, өрт сөндіру бөлімі мен қазіргі заманғы өрт жабдықтары және құтқарушылардың атқаратын қызметімен таныстыру мақсатында «Ашық есік күнін» өткізіп, оқушыларға өрт сөндірушілер және құтқарушылардың қызметтері туралы экскурсия жүргізді.
Экскурсия барысында балалар қызығушылығын білдіріп көп сұрақтар қойды. Қызметкерлер әрқайсысының сұрақтарына жауап беріп, адам өмірі мен қауіпсіздігі әрқашан да маңызды екенін айтып, өрт қауіпсіздігінің негізгі ережелерімен таныстырды.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта азаматтық қорғау табиғи, техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан туындайтын қауіптен ғана емес, халықты қорғау үшін атқарылатын шаралар, азаматтық қорғаныс қорғау құралдары мен әдістері туралы білімді насихаттауға арналғанын Ақжайық ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Е.Кенжеғали қосымша түсіндіріп өтті.
Сондай-ақ, құтқарушылардың апат және төтенше жағдайлар кезінде пайдаланылатын құтқару құралдары мен көлік құралының жабдықтары көрсетілді. Балалар түтін бөлмелерде қолданатын оқшаулау маскасы мен өрт сөндіруге арналған киім-кешектерді киіп көрді.
Күре жол медициналық құтқару пунктінің қызметкерлері өздерінің атқаратын жұмыстарымен таныстырып, төтенше жағдайлар кезінде немесе авариялық құтқару жұмыстары бойынша оқушыларға алғашқы медициналық көмек көрсету жолдарын үйретті.
Экскурсиядан мол әсер алған оқушылар мамандарға ризашылығын білдірді.
Е.Б. Кенжеғали,
Ақжайық ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері азаматтық қорғау лейтенанты