КЕЛЕШЕГІ БАР «КЕЛЕШЕК»

Батыс Қазақстан облысы бойынша жетпіс мыңнан аса адамның ерік-жігері мен күш-қайратын бір арнаға тоғыс­тырып, ортақ мүддеге жұмыл­дырып отырған облыстық кәсіподақ орталығында мыңнан аса бастауыш кәсіподақ ұйымы тұрақты түрде жұмыс атқарып келеді.

 Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, мемлекеттік ұйым қызметкерлері мен жұмыскерлері өз жұмыстарын — заң нормалары, еңбек кодексі, екі тараптық келісімдер аясында жүр­гізе отырып, мемлекеттік, үкі­меттік бағдарламалардың талапқа сай жүзеге асырылуына, еңбек заңнамаларының сақталуына, толыққанды еңбек ортасының қалыптасуына, материалдық-әлеу­меттік жағдайдың жақ­саруы­на ықпал етуді қашанда басты мұрат санайды.

Кәсіподақтардың күн тәртібінде еңбек жастарын қолдау сынды бірқатар мәселелі сауалдар мен еңбек адамының үмітінің барлық спектрін шоғырландыратын бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен жұмысты нығайтуға қатысты көптеген мәселелер тұр.

Кәсіподақтар Федерациясы өз қызметінде кәсіподақтардың жастар саясатын күшейту және жандандыруға бағытталған жүйелі жұмысқа ерекше назар аударады.

Кәсіподақтар Федерациясының жастар саясатының мақсаты – жастардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау, жастарға әлеуметтік және еңбек қатынастары, білім беру және кәсіптік білім беру саласындағы өз құқықтары туралы мәлімет беру, жастарды кәсіподақтар қатарына қосу.

Уақыттың сын-тегеуріндеріне жауап бере отырып, ҚРКФ Жастар кеңесі жаңа форматта салалық және аумақтық кәсіподақтардың өкілдерінен құрылды.

Бұл кеңес жұмыс орнындағы жағдайды тікелей бақылаумен қатар мәселелер жиынтығын әзірлейді, сондай-ақ оны республикалық деңгейде талқылау үшін шешу жолдарын дайындайды.

Кәсіподақтар Орталығында жастар құрылымына ерекше көңіл бөлінеді. Барлық  салалық кәсіподақтарда   «Келешек» жастар кеңестері жұмыс атқарып келеді.

Жастар кеңестерін құру кәсіподақтардағы жастардың рөлін нығайтып, халықаралық ұйымдармен және шетелдік кәсіподақ орталықтарымен ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.

Бүгінде кәсіподақ мүшелері арасында 35 жасқа дейінгі жастар –  500 мыңнан астам адам. Бұл кәсіподақ қозғалысының дамуында жастар маңызды рөл атқаратынын аңғартады.

Кәсіподақ қозғалысын жаңғырту кезеңінде кәсіподақтарды дамыту және өзгерту құралы ретінде жастар саясатына қойылатын талаптар жоғары болмақ.

2016 жылы желтоқсанда ҚРКФ Бас кеңесінде жастар саясаты туралы жаңа құжат қабылданды. Аталмыш құжат Федерация қызметінің стратегиясына сәйкес ҚРКФ Жастар кеңесімен әзірленді.

Бұл бағдарлама жастар саясатын насихаттауға, кәсіподақтардың жаңа түрлерін енгізуге және жастармен жүйелі жұмыс жасауға, барлық мүше ұйымдарды оны жүзеге асыруға жұмылдыруға бағытталған. Бағдарлама жастар саясатының бағыттарын қалыптастыруды көздейді. Осы бөлімдер 6 бағыт бойынша әзірленген:

  • Адам ресурстарын дамыту, білім және мониторинг;
  • Жобалық жұмыстар, фандрайзинг және инновациялық технологиялық бөлім;
  • Ақпараттық-насихаттау жұмыстары бөлімі;
  • Бұқаралық-мәдени және спорттық-сауықтыру бөлімі;
  • Кәсіподақтардың жұмысының жаңа түрлерін енгізу және жастар құрылымдарының өзара байланысы бөлімі;
  • Халықаралық байланыстар бөлімі.

Батыс Қазақстан облысында «Келешек» жастар қозғалысы 2016 жылдан бері өз жұмысын атқарып келеді. Өз кезегінде ұйымға әртүрлі салалық кәсіподақтардың 35 жасқа дейінгі мүшелері, өңірдің белді оқу орындарының студенттері қосылып, ауқымды шараларда төбе көрсетіп келеді. Бұл құрам жастар арасындағы көшбасшылықты дамытуға бағытталған дебат ойындарына, салауатты өмір салтын насихаттайтын түрлі іс-шараларға белсенді қатысуда.

Биылғы жыл мемлекет басшысының «Волонтерлар жылы» болып жариялануына  орай өңірде түрлі деңгейдегі бірнеше іс-шаралар жоспарланған. Сонымен қатар, республикалық «Келешек» жастар ісі кеңесінің бастамасымен «Ардагерлерді ардақтау» жалпы республикалық акциясы кең ауқымды жүзеге асырылуда. Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына орай сұрапыл соғыста ерлік танытқан ардагерлерге құрмет көрсету мақсатында жоба жыл бойы өз жұмысын жалғастырады.

Жас ұрпақтың тарих тағылымдары мен ұлы тұлғалардың мағыналы ғұмырына көз жүгіртіп, салиқалы тәрбие беру мақсатында кемеңгер ақын, ұлы ойшыл ғалым Абай Құнанбаевтың дүниеге келгеніне 175 жылдығына орай облыс көлемінде бекітілген мерекелік іс-шаралар жоспарына сәйкес Келешектік жастар бірқатар  мағыналы шараларды өткізбек.

Ертеңгі күнге сенімділікпен қарау үшін біз бүгін жас ұрпаққа саналы тәрбие беріп, үлгілі істермен таныла білуіміз қажет. «Келешек» жастар кеңесіне өңірлік жетекші тағайындау үшін біз жастар арасындағы белсенді топқа аса назар аудардық. Бірер жылдан бері құрамды бірқатар өңірдің белді жастар өкілдері жұмыстанып, аяқтандырды. Қазір біз бұл маңызды жұмысты осы ұйымға бірер жылдан бері мүшелік етіп, белсенділік танытқан жас дебатшы Ақерке Шайқыға тапсырдық. Ақеркенің бастамасымен жастар жаңа бағытта жұмыс жоспарын анықтап, биылғы «Волонтерлар жылын»  кәсіподақтық жастар үшін есте қаларлықтай өткізуге талпынуда.

Жақын арада М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да Филиппина, Италия елдерінен  келген профессорлармен ашық формат сұхбат-кездесу өтеді. Жұмысшы жастар арасында шет тілін меңгеріп жүрген бір топ үшін бұл таптырмас мүмкіндік, әрі еңбек дағдыларының айырмашылықтары мен ұқсастықтарын салыстыру үшін қолайлы сәт болмақ. Кәсіподақтық жастар кәсіподақ ардагерлерімен тығыз қарым-қатынаста болғысы келетінін әркез жеткізіп отырады. Біз өз тарапымыздан атаулы мерекелер қарсаңында, қазан айында мұндай мағыналы, танымдық кездесулерді өткізуді өз міндеттерімізге қосамыз.

Біз үшін жастар кеңесінің құрылуы өте қуанышты жағдай болды. Себебі жастар еңбек өтілін бастаған сәттен өз құқықтарын сауатты біліп, еңбек келісімшарттарына мән беруіне септігімізді тигізе алсақ, қоғамда орын алып жатырған еңбек дауларын алдын алуға қол жеткіземіз. Биылғы жылы өткен «Жастар жылының» жалғасы ретінде жас буынға орасан мүмкіндіктер бере отырып, жақсы жаңалықтарға жаршы боламыз.

Айгүл Есекенова,

«БҚО Кәсіподақтар Орталығы» АКБ төрайымы

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *