Жаңа мемлекеттік жәрдемақы беріледі

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 маусымдағы № 63 Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес көпбалалы отбасыға берілетін жаңа мемлекеттiк жәрдемақы енгізіледі.

Бұл бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы.

Жәрдемақыларды тағайындау үшін өтініш жасау жәрдемақы алу құқығы туындағаннан кейін жүзеге асырылады. Жәрдемақы тағайындау туралы өтініш келесіқұжаттармен қоса жәрдемақыға құқығы бар отбасының тұрғылықты жеріндегі Мемлекеттік корпорацияға беріледі:

1) жеке басты куәландыратын құжат – сәйкестендіру үшін. Оралман мәртебесі бар адамдар көпбалалы отбасына жәрдемақы тағайындауға жүгінген жағдайда оралман куәлігін сәйкестендіру үшін ұсынады;

2) баланың (балалардың) туу туралы куәлігі (куәліктері);

3) неке (ерлі-зайыптылық) қию, бұзу туралы куәлік – өтініш берушінің деректері баланың туу туралы куәлігіндегі деректермен сәйкес келмеген жағдайда;

4) балаға қамқоршылық (қорғаншылық) белгіленгенін растайтын құжат немесе туу туралы актілік жазбадан бала асырап алу туралы мәліметтер – балаға қамқоршылық (қорғаншылық) белгіленген немесе баланы асырап алған жағдайда;

5) Байқоңыр қаласының тұрғындары үшін – Байқоңыр қаласы тұрғын үй шаруашылығының азаматтарды есепке алу және тіркеу жөніндегі бөлімінің анықтамасы;

6) асырауындағы адам он сегіз жастан жиырма үш жасқа дейін оқудың күндізгі нысанында білім алатын жағдайда жыл сайын берілетін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі № 223 бұйрығымен бекітілген қағидаларының 4-қосымшасына сәйкес нысан бойынша оқу орнының анықтамасы (бұдан әрі – оқу орнынан анықтама);

7) жәрдемақы беру жөніндегі уәкілетті ұйымдағы банк шотының нөмірі туралы мәліметтерді растайтын құжат − сәйкестендіру үшін.

Көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақыны тағайындауға өтініш жасау кез келген уақытта қандай да бір мерзіммен шектелмей жүзеге асырылады. Көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақыны төлеу барлық растаушы құжаттар болған кезде өтініш жасалған күннен бастап ағымдағы айға және осы жәрдемақы тағайындалған шарттар сақталған кезеңге жүргізіледі. Көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы растаушы құжаттарды ұсынбаған немесе анық емес деректері бар құжаттарды ұсынған адамдарға тағайындалмайды. Көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақыны тағайындау кезінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалар бірге тұру фактісіне қарамастан отбасының құрамында есепке алынады.

Заңға сәйкес көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы мынадай мөлшерде белгіленеді:

төрт балаға – 16,03 айлық есептік көрсеткіш (немесе биылғы жылы 42 496 теңге);

бес балаға – 20,04 айлық есептік көрсеткіш (немесе биылғы жылы 53 127 теңге);

алты балаға – 24,05 айлық есептік көрсеткіш (немесе биылғы жылы 63 757 теңге);

жеті және одан көп балаға – 28,06 айлық есептік көрсеткіш (немесе биылғы жылы 74 388 теңге).

Жәрдемақы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің өзгеруі ескеріле отырып төленеді, бұлар республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленеді.

Өтініш беруші жәрдемақының мөлшерін өзгерту немесе оны төлеуді тоқтату үшін негіз бола алатын мән-жайлар туралы Мемлекеттік корпорацияны он жұмыс күні ішінде хабардар етуге міндетті. Өтініш беруші көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақының, мөлшерлеріне әсер ететін мән-жайлар туралы уақтылы хабар бермеген жағдайда, жәрдемақылардың мөлшері көрсетілген мән-жайлар басталған кезден бастап қайта қаралады, бірақ олар тағайындалған кезден бұрын қайта қаралмайды.

Тағы айта кетін жайт 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған, құрамында бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасылардың көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақыны тағайындауға өтініш жасауы және растаушы құжаттарды ұсынуы талап етілмейді. Көрсетілген  отбасыларға көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінде бар мәліметтер негізінде тағайындалады және 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап төленеді.

Ж. Бериков,

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон

комитетінің БҚО бойынша департаменті

басшысының орынбасары                                                                             

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *