2020 жылдың 11 қаңтарынан бастап «Қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнамаларды жетілдіру және адамның құқықтарын күшейту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа Заң күшіне енді.
Алғашқы болып жаңа өзгерісті Жаңақала ауданында қолданылды.
Аудан прокуратурасымен 21 қаңтарда азамат Т. қатысты тергеушінің «күзетпен ұстау» туралы санкциясы қолдау тауып, ол сотпен ҚК-тің 346-бабының 2-бөлігінде (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) көзделген қылмысты жасағаны үшін 2 айға тергеу мерзіміне қамалды.
Өйткені, ол 2014 жылғы 28 тамызда бұрынғы ӘҚБтК-нің 467-бабы 3-бөлігімен (Жүргізушінің көлік құралын масаң күйде басқаруы) кінәлі деп танылып, 5 жылға көлік құралын басқару құқығынан айрылған.
Сондай-ақ, 2018 жылғы 16 қыркүйекте азамат тағы да мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасап, сол үшін соттың үкімімен ҚК-тің 346-бабының 1-бөлігімен 3 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды және 100 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылған.
Алайда ол түзелу жолына түспей, тағы да қылмыс жасаған.
Атап айтсақ, 18 қаңтарда Жаңақала–Сайхын тас жолында автокөлікпен Жол жүру ережесін бұзып, жолдың қарсы бетіне шығып, азамат А. басқаруындағы автокөлікпен соқтығысып, оны бүлдіріп, материалдық шығын келтірілген болатын.
Аталған факті бойынша тергеу әрекеттері жалғасуда.
Айта кететін мәселе, бұрын бұндай фактілермен Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілмегенше, қылмыскерлер қамалмайтын болатын, себебі жоғарыда көрсетілген қылмыстар — қылмыстық теріс қылықтар санатында болатын, ал қазіргі таңда олар ауыр қылмыс болып табылады және кінәлі тұлға көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айырылады.
Бауыржан Закиұлы,
БҚО прокуратурасының ресми өкілі