Қаңтардың 8-і күні түнгі сағат 01.30 шамасында Оралдағы қалалық мәдениет және демалыс саябағы ауданынан ұсталған азаматтан есірткі тектес заттар тәркіленді деп хабарлайды қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі.
Осы ауданда қызметтік міндеттерін атқарып жүрген Орал қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының инспекторлары күдіктіні тінту барысында жасыл түсті ұнтақ зат және арнайы иісі бар, жасыл түсті өсімдік тектес затты тауып алады. Инспекторлар өсімдік тектес заттардың 40 дана қорапшаға салынғанын анықтады. Тәркіленген есірткі тектес заттар арнайы сараптамаға жіберілді. Тәртіп сақшылары күдіктінің 1979 жылғы, еш жерде жұмыс жасамайтын Орал қаласының тумасы екенін анықтады. Бұған дейін де заң алдында жауапталғаны белгілі болды. Қолынан ешқайда кетпеу жөнінде қолхат та алынды.
Бүгінгі күні Абай полиция бөлімі тергеу бөлімшесінің өндірісінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 2-бөліміне сай есірткі, психотроптық заттармен, сол тектес нәрселермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға қатысы бар-жоқтығы тексерілуде.
«PULS» ақпарат (сурет интернеттен алынды)