Жаңа жылдың екінші күнінде, яғни 2 қаңтарда Оралда түнгі сағат 01.30 шамасында қала орталығындағы 8 март көшесінде әйел адамды тонау фактісі орын алды деп хабарлайды қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі.
Жәбірленуші 300 мың теңге шамасында тұратын ұялы телефонын және қалтасындағы 8 мың теңгесін бейтаныс жігіттің алып қашып кеткенін айтып, полицияның «102» кезекшілік нөміріне хабарласты. Оқиға орнына барған Абай полиция бөлімінің жедел тергеу тобының құрамындағы жедел уәкілдер мен тергеушілер кісі тонаған күдіктінің ізіне түсті.
Көп кешікпей тәртіп сақшылары 1980 жылғы, еш жерде жұмыс жасамайтын Орал қаласының тұрғынын ұстады. Қалтасындағы «Самсунг» маркалы ұялы телефонды тәркілеп, оқиға орнынан бейнетаспа алынды. Тәртіп сақшылары көмек сұрап хабарласқан азаматшаға ұрланған ұялы телефонын қайтарып берді.
Жәбірленуші жедел қимылдап, кәсіби шеберліктерінің арқасында тонау фактісін әшкерелеген полиция қызметкерлеріне алғысын жаудырды. Түнде жортқан күдікті кісі тонағанын, әйелге қоқан-лоққы көрсетіп, құнды ұялы телефоны мен ақшасын тартып алғанын, оларды жеке басының қажетіне жаратқысы келгенін мойындады.
Қазіргі күні Абай полиция бөлімшесі тонау фактісіне тергеу амалдарын жүргізуде.
«PULS» ақпарат (сурет интернеттен алынды)